Шардара ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау мәселесі Шардара аудандық мәслихатының 2024 жылғы 29 сәуірдегі

№23-115-VIII шешiмiне сәйкес жүргізіледі (Түркістан облысының әдiлет департаментiнде 2024 жылғы 2 мамырда №6527-13 болып тiркелдi).

Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Шардара ауданында тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғын жайы ретінде меншік құқығындағы тұрғын жайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын жайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын жайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға): кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға; коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға; мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын жайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғын жайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

Аз қамтылған отбасының (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.

Тұрғын үй көмегін тағайындау "Шардара ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен жүзеге асырылады.

Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №117 бұйрығымен (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №33763 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен есептейді.

Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын жайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын жайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді орган 10 пайыздан асырмай белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) жиынтық кірісіне шығыстарының шекті жол берілетін деңгейі 10 (он) пайыз мөлшерінде белгіленеді.

Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде бір адамға 15 (он бес) шаршыметрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршыметрден артық емес, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.

Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір реет жүгінуге құқылы.

Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын қабылдаған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды. 

«Шардара ауданы әкімдігінің жұмыспен  қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлімі» ММ.