
Аптаның сәрсенбісінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай Шардара ауданында «Тіл – әр ұлттың ең асыл қазынасы» атты аудандық фестиваль өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілді, сондай-ақ елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің ана тілдерін құрметтеу және насихаттау, ұлтаралық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту болып табылады.
Фестивальге аудан әкімінің орынбасары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқушылары, зиялы қауым және жергілікті тұрғындар қатысты.
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген ұстаздар мен белсенді азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.
Сонымен қатар, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Айдаров жиналған қауымды мерекемен құттықтап, тіл – халықтың рухани байлығы екенін атап өтті.
Фестиваль аясында түрлі этнос өкілдері ұлттық киімдермен сахнаға шығып, өз ұлттарының тілі мен мәдениетін танытатын әдеби қойылымдар, музыкалық және би өнерін көрсетті. Көпшілік назарына мәдени-танымдық көрмелер де ұсынылды.

Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрермендер мен қатысушылар тарапынан зор ықыласқа ие болды. Бұл фестиваль – аудан көлемінде этносаралық татулықты, достықты және рухани келісімді нығайтудың жарқын үлгісіне айналды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.




