
Жуырда аудан әкімі Арман Қарсыбаев қала аумағын көгалдандыру және күзгі тал егу жұмыстары бойынша жауапты сала мамандарын қабылдап, атқарылатын жұмыстардың жоспарын пысықтады.
Салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Е.Каратунов, қала әкімі О.Айдосов, сондай-ақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Нұраховқа күзгі көшет отырғызу бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Аудан басшысы жұмыстардың ауқымын нақтылап, көгалдандыруға жауапты бөлімдерге айқын бағыт-бағдар берді. Атап айтқанда, «Болашақ» саябағы, Шардара-Жетісай тас жолының бойы, «Тәлімбақ» және «Еңбекші» саябағына қара тал, туя, айланд және декоративті ағаш көшеттерін отырғызу жоспарлануда.
Күзгі маусымда қала аумағына 5000 түп ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, көшеттердің жерсінуі, суарылуы және күтіп-бапталуы бойынша да жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, жұмыс бағыттары белгіленді.
Аудан әкімі бұл шаралардың қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, көркейту мен абаттандыру жұмыстарын күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.




