Болгарияның Албена қаласында өткен қол күресінен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы атынан сынға түскен Шардара спортшылары үлкен жетістікке жетті.

Жалпы есепте Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетсе, оның ішінде шардаралық спортшылардың үлесі ерекше болды. Біздің құрама барлығы 19 алтын медаль иеленіп, әлемдегі ең мықты құрама екенін тағы да дәлелдеді. Бұл жеңістер – «Шардара Армспорт» спорт клубының жүйелі жұмысының жемісі. Аудан спортшылары тек республикалық емес, халықаралық деңгейдегі жарыстарда да тұрақты түрде жеңіс тұғырынан көрініп келеді.

Жасөспірімдер арасында Әлем чемпиондары – Ибрагим Бекнұр, Ибрагим Азамат, Назар Заңғар, Зиядулла Айзере, Ақберген Аманат, Сәрсенбаева Сымбат, Оралбай Ұлжан. Жастар арасында Әлем чемпиондары – Асылжан Базарбай, Ерсайын Мейрамбек, Мұхамбетов Ердаулет.

Ересектер арасында Әлем чемпиондары – Нұрмахан Ердаулет, Зәрубек Санжар, Ибрагим Әділет, Алдан Нұрсұлтан, Тұрғанбек Тұрарбек, Айдархан Нұрдәулет, Құттымұратов Медет, Елмұрат Ұлболсын, Оразхан Ырысты.

Ересектер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері – Ақтаев Талғат, Әбсаттар Дәурен, Айыпхан Ерсұлтан, Ерсайын Мейрамбек және қола жүлдегерлер – Қаржау Есболат, Роман Данияр, Сәрсенбаева Сымбат.

Аталған әлем біріншілігі шардаралықтар үшін ерекше жағдайларға толы болды. Осы чемпионат барысында бір әулеттің 3 ұлы – Бекнұр, Азамат, Әділет Ибрагимдер Әлем чемпионы атанды. 85 кг салмақта өнер көрсеткен Айдархан Нұрдәулет 12-ші мәрте әлем чемпионы атанып, абыройымызды асқақтатты. Ырысты Оразхан есімді қызымыз 18 жастағы жасөспірім спортшы. Финалдық бәсекеде ол швециялық 11 дүркін әлем чемпионы Фиа Рейсекті жеңіп, қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылатын жетістікке қол жеткізді. Көпшілік үшін фаворит саналған қарсыласын тізе бүктірген жас спортшы әлем жұртшылығын таң қалдырды. 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен «Шардара Армспорт» клубының саңлақтары Санжар Зәрубек пен Ерсұлтан Айыпхан финалда бір-бірімен жолығып, алтын мен күмісті өзара бөліп алды. Тағы бір жерлесіміз Ердаулет Нұрмахан осымен 5-ші рет Әлем чемпионы атанып отыр. +110 кг салмақта сынға түскен жерлесіміз Медет Құттымұратов абсолюттік салмақта Әлем чемпионы атанды. Бұл – ел қоржынына түскен ең үлкен жеңіс болды.

Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 1-орынды жеңіп алды. Шардаралық спортшылардың мұндай жоғары нәтижесі – жаттықтырушылар еңбегі мен спортшылардың қажырлы дайындығының арқасы. Жерлестеріміздің жеңісі – Қазақстан спортының абыройын асқақтатқан зор жетістік. 

«Өскен өңір» – ақпарат.