22-23 қыркүйек күндері ауданымызда қазақ күресінен ересектер арасындағы «Қазақстан барысы» республикалық турниріне Түркістан облысы бойынша іріктеу – «Түркістан барысы» өтті. Шардара аудандық спорт кешенінде өткен дүбірлі додада облысымыздың аудан-қалаларынан келген кіл мықты палуандар күш сынасты.

Турнир қорытындысы бойынша үшінші орынды Сауран ауданының палуаны Нышанбай Құдайбергенов иеленді. Екінші орынға Түркістан қаласынан келген палуан Бибарыс Әбдіғани ие болды.

Ал, бірінші орынды жерлесіміз Қайсар Шамшидинов иеленді. Ол өз кезегінде «Түркістан барысы» атанып, республикалық кезеңге жолдама алды.

Жарысқа арнайы келген ақсақалдар, спорт ардагерлері, жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, спортшылар мен ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

«Түркістан барысы» – өңір спортының дамуына серпін беретін, ұлттық күрес өнерін дәріптейтін маңызды спорттық шара. Жеңімпаз палуандар алдағы уақытта өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде Түркістан облысының намысын қорғайтын болады.

Өз тілшімізден.