Мемлекет басшысының бекітуімен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекітілгені баршаға аян.

Президентіміздің осынау тапсырмасы аясында жастар мен студенттер арасында жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында «Шардара су электр стансасы» АҚ-да энергетика саласы бойынша жоғары білім алып жүрген Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің «Энергетика және дәстүрлі емес энергетикалық жүйелер» кафедрасының 3-курс студенттерімен кездесу ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат – студенттер мен оқытушыларды кәсіпорын қызметімен, өндірістік процестермен таныстыру, сондай-ақ осы жерде өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік жасау.

Болашақ энергетиктерді аталған университет жанындағы «Жұмыспен қамту орталығының» директоры Таслима Аубакирова, кафедра доценті Гүлмира Сахметова, аға оқытушы Ильфа Құлмаханова, докторант Айжан Апсеметовалар бастап келді.

Болашақ энергетиктерді әуелі «Шардара СЭС» АҚ кеңсесінде Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сырым Мәмбетов қабылдады. С.Мәмбетов кездесуге қатысушыларға су электр стансасының даму перспективалары туралы айтты. Сонымен қатар, студенттерге техникалық қауіпсіздікті сақтау туралы таныстыру ролигі көрсетілді.

«Шардара су электр стансасын құру жұмыстары 1958 жылы басталған. Станса 1967 жылы пайдалануға берілді. Сонан бері аталған кәсіпорын үздіксіз жұмыс істеп келеді. 2015-2020 жылдар аралығында кәсіпорын толығымен қайта жаңғыртылды. Қазіргі таңда мекемеде 139 адам жұмыс істейді.

Біздің осы салада білім алып жатқан студенттермен кездесу өткізудегі мақсатымыз – кәсіпорынды білікті мамандармен толықтыру. Бүгінгі күні теориялық білім алып жатқан жастар ертеңгі күні бізге келіп жұмыс істеймін десе, есігіміз   әрдайым ашық. Бізде тәжірибелі мамандар көп. Олар жастарға жол көрсетуге, білгендерін үйретуге әр уақытта дайын», – дейді «Шардара СЭС» АҚ кеңсесінде Басқарма төрағасының бірінші орынбасары С.Мәмбетов.

Кездесу барысында қонақтар аталған университеттің 80 жылдығына арналған кітапты су электр стансасының ұжымына сыйға тартты. Сонымен қатар аталған оқу орнының түлегі С.Мәмбетовке «Университет түлегі» төсбелгісін табыстады.

«Бізде білім алған шәкірттеріміздің бүгінгі күні осындай жауапты салада қызмет атқарып жатқанын мақтаныш тұтамыз. Тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуы жолында атқарып жатқан жұмыстарыңызға табыс тілейміз», – деді университет өкілдері.

Мұнан соң болашақ энергетиктер кәсіпорын бойынша экскурсияға қатысты. Онда қызметтердің негізгі бағыттарымен танысты. Техникалық кадрлармен (электрлік өлшеулер, сынақтар, дәнекерлеу жұмыстары, электр монтажы) кездесіп, жұмыс тәсілдеріне қанықты.

Студенттердің кәсіпорынға саяхаты «дөңгелек үстел» басындағы әңгімеге (сұрақ-жауап) ұласты. 

– Біз кәсіпорынды болашақта білікті, талантты, әрбір іске бейжай қарамайтын жауапкершілігі мол қызметкерлермен қамтамасыз етеміз деп үміттенеміз, – деді С.Мәмбетов кездесу барысында. – Кәсіпорынның болашағы жас кадрларға тікелей байланысты деп санаймыз, бірақ, сонымен бірге жоғары кәсіпқойлыққа қол жеткізу аға буын меңгерген тәжірибе мен білімді қабылдау арқылы мүмкін болатынын атап өткен жөн. Сендерді сондықтан аға буыннан үйренсін деп әдейілеп шақырып отырмыз. Алдағы уақыттары бізде жұмыс істейміз, – деп келсеңдер, есігіміз әрдайым ашық.

Жиын соңында университет оқытушылары мен студент жастар «Шардара СЭС» АҚ басшылығына алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.

Айдаралы Әбубәкіров.