Күні кеше аудандық ардагерлер үйінде «Әкелер мектебінің» және «Әжелер алқасының» ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» атты тақырып аясындағы «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» семинар кеңес ұйымдастырылды.

Семинарға облыстан арнайы келген облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Романқұлов Бақытжан Сұлтанұлы, аудан әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбай Төребеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайсар Нұрманов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдамалар бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбеков, аудандық білім бөлімінің бас маманы Нұрғали Әбділдаев, аудандық «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Аппаз Тұрғынбай, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы бастауыш ұйымдардың төрағалары, «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» мүшелері қатысты.

Семинарды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков ашып, жиынның мақсатын, маңызын атап өтті. Мұнан кейін облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Романқұлов сөз алды. Ол өз сөзін Шардара ауданының спорт саласында елімізде көшбасшы болып тұрғанынан бастап, жыл сайын көптеген әлем чемпиондары шығып жатқанын, биыл бір әулеттен үш әлем чемпионы шыққанын атап өтті. «Бұндай жетістіктер аудандар түгілі, облыстарда бола бермейді. Осының бәрі Шардарада ұрпақ тәрбиесі деңгейінің айғағы» деді. Сонымен бірге облыстық ардагерлер ұйымының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Облысымызда 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестері бар. Облыс бойынша 191000 зейнеткер болса, оның 153891-і осы ардагерлер ұйымдарының мүшелері екен. Ұлы Отан соғысына қатысқан немесе соған теңестірілген ардагерлер саны 3305 адам, оның ішінде 7 ардагер тікелей Ұлы Отан соғысының ардагерлері екен. Ұйымның еліміздің саясатын жүргізуге бағытталған көптеген іс-шаралар ұйымдастырып өткізіп жатқанын, әрі мемлекет тарапынан және демеушілік есебінен де ардагерлерге әртүрлі бағытта көмектер беріліп  жатқанын мәлімдеді.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Төребеков ауданда жастарды тәрбиелеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, тәрбиеге байланысты іс-шаралар прокотура, ішкі істер бөлімі, ардагерлер және мектеп қабырғаларында өтіп жатқанын баяндап өтті.

Мұнан кейін жиын барысында аудандық медиаторлар тобының төрағасы Жалғас Нұрымбетов, «Әжелер алқасының» төрайымы Гүлзахира Исаева, аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Нұрғали Ыбырайым,  аудандық білім бөлімінің бас маманы Н.Әбділдаевтар сөз алып, ұрпақ тәрбиесі жайлы өз ойларын ортаға салды. 

Жиын соңында Шардара аудандық ардагерлер кеңесі «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» атты облыстық семинар бойынша қаулы қабылдап, бірауыздан бекітті. Семинар ардагерлер қауымының Ұлы Отан соғысынан қайтпаған жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен қорытындыланды.

Айдаралы Әбубәкіров.