Жуырда аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Каратуновтың төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының жоспарлы мәжілісі өтті.

Жиынға қала және ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары мен аудандық коммуналдық мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібінде 2025-2026 жылдардағы қысқы кезеңге дайындық жұмыстары мен төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері қаралды.
Аудан тұрғындарын және мекемелерді алдағы қыс мезгілінде үздіксіз табиғи газбен, электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ету, сондай-ақ қауіпсіздік шараларының орындалуы бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрлан Рүстемов баяндама жасады.
Ауданаралық маңызы бар автомобиль жолдарының қыс мезгілінде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында атқарылатын дайындық шаралары туралы «Оңтүстік жолдары» МКК Шардара аудандық учаскесінің басшысы Нариман Губайдулин мәлімет берді.
Аудан көлемінде 2025-2026 жылдардағы су тасқынының алдын алу бойынша ұйымдастырылып жатқан жұмыстармен Шардара аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Абай Сартбаев таныстырды.
Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары Е.Каратунов баяндамаларды назарға алып, әр мәселе бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, отырыс барысында айтылған ұсыныстар мен ескертпелер негізінде арнайы хаттама түзіліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынатыны атап өтілді.
– Аталған іс-шараға сәйкес, жауапты мекеме қызметкерлері тарапынан аудан тұрғындарына 2025-2026 жылға жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу бойынша күнделікті түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек. Тұрғындарға жылыту қондырғылары мен қазандықтардың техникалық жай-күйін, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын алдын ала жүргізіп, тиісті мекемелермен келісімшартқа тұру маңызды екенін түсіндіру қажет, – деді аудан әкімінің орынбасары Е.Каратунов.


Өз тілшімізден.