Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел-ұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын насихаттау бой-ынша ауданымызға “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалдың бекіткен кестесіне сәйкес ауданымызға насихат тобы келді.


Топ құрамында болған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Серманизов, Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Құрмет Керімбеков, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті «Халықаралық қатынастар және халықаралық құқық» кафедрасының доценті, PhD доктор Ермек Бекбосыновтар аудан тұрғындарымен кездесуге келді. Кездесуді «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет жүргізіп отырды.
Жиын барысында сөз алған қонақтар Мемлекет басшысының аталған Жолдауында көтерілген мәселелерге кеңінен тоқталып, түсіндіріп өтті. Жолдаудың – еліміздің алдағы жылдардағы даму бағыттарын айқындайтын, болашаққа бастар маңызды құжат екендігіне тоқталды.


Сонымен қатар, кездесуде Жолдау бойынша мінберге Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, «Өскен өңір» газетінің Бас редакторы, «Қызылжар» бастауыш партия ұйымының төрағасы Сәбит Лаханов және М.Қалмырзаев атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры Баян Қанайбековалар шығып, өздерінің пікірлерін білдірді.
Биылғы Жолдаудың маңыздылығы – оның ерекшелігінде, жаңашалығында, және әрбір қазақстандықтың игілігіне қызмет етуге бағытталғандығында. Бұл Жолдауда еліміздің алдағы даму бағыты, оның ішінде цифрлық технологиялар мен адам капиталын дамыту мәселелері басты назарға алынды. Цифрлық жаңғыру – тек экономиканы емес, адам капиталын да жетілдірудің басты құралы. Сондықтан мемлекет алдында жаңа міндеттер, ал қоғам алдында жаңа мүмкіндіктер пайда болды.
Әрбір Жолдау – бұл тек саяси декларация ғана емес, сонымен қатар, мемлекетіміздің өзекті мәселелерін терең талдап, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынатын бағдарлама. Бұл құжат елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі басымдықтарын, экономиканы дамытудың стратегиялық міндеттерін, әлеуметтік жаңғырудың бағыттарын және халықтың әл-ауқатын арттыру жолдарын айқындайды.
Президенттің Жолдауы – бұл біз үшін жұмысымыздың мазмұнын айқындап, алдағы кезеңдегі міндеттерімізді белгілейтін бағдаршам іспеттес. Жолдауда айтылған әрбір идея, әрбір тапсырма – еліміздің әрбір азаматының өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыттар.


Өз тілшімізден.