
Кешегі аптада аудандық прокуратураның ұйытқы болуымен «Құқықтық дәріхана» – прокуратура тарапынан қоғамдық орындарда алдын ала жазылусыз, тегін және қолжетімді құқықтық көмек іс-шарасы ұйымдастырылды.
– Біздің мақсатымыз – әрбір азаматқа құқықтық көмекті қолжетімді ету. Бұл осы мақсаттағы әлеуметтік жоба. Қала тұрғындарының құқықтары мен міндеттеріне қатысты ең өзекті мәселелер бойынша алдын ала жазылусыз, тегін және қаланың қолжетімді қоғамдық орындарында кеңес береміз, – дейді аудан прокуроры Алмас Әлі.
Ауданымызда алғаш рет өткізіліп отырған әлеуметтік жоба қала орталығындағы «Әлихан» сауда үйінде болып өтті. Аталған іс-шарадан хабардар болған сауда үйіне келушілер бір сәт қабылдауға кіріп, өздеріне тиісті заңдық көмектер алып жатты.
«Бұл жоба қазан айының басынан бастап қолға алынды. Іс-шара 29 қазанға дейін жалғасады. Біздің қызметкерлер күн сайын сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін азаматтарды қабылдап, құқықтық кеңес беруге дайын» – дейді аудандық прокуратура өкілдері.
Олай болса, алдын ала жазылусыз қабылдауға барыңыз, құрметті оқырман.
«Өскен өңір» – ақпарат.




