Жуырда Шардара аудандық мәдениет сарайында Халықаралық қарттар күніне орай, «Қариялар – асыл қазынамыз» атты мерекелік іс-шара өтті.

 Іс-шараға қала мен ауылдық округтерден келген тыл және еңбек ардагерлері, зейнеткерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Салтанатты кеште аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков ардагерлер қауымын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Бұл күн – ұлттың ұлағатты ұрпағын тәрбиелеген, ел дамуына сүбелі үлес қосқан қарттарымызға деген шексіз құрметтің көрінісі. Сіздердің даналықтарыңыз бен өмірлік тәжірибелеріңіз – болашақ ұрпақ үшін өшпес өнеге. Жастарға бағыт-бағдар беріп, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!» – деді Б.Төребеков.

Іс-шара барысында аудан әкімінің бастамасымен ардагерлерге арнайы дайындалған «Құрметті ардагер», «Шардара ауданына – 60 жыл» мерекелік медальдары мен Алғыс хаттар табысталды.

Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүталиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков құттықтау сөз сөйлеп, қарттарға деген ерекше ілтипаттарын жеткізді.

Мерекелік  кеш  аудан  өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, ардагерлер қауымына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«Өскен өңір» – ақпарат.