
Күні кеше аудан әкімі Арман Қарсыбаев «Шардара топтық су құбыры» жобасы аясында Шардара қаласы, 14-Пекет шағын ауданы аумағында салынып жатқан су жинақтаушы резервуар құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Қазіргі уақытта «Тама» жерасты су қорынан анықталған жерде 6 дана ұңғыма бұрғылау, тік құбыр салу жұмыстары атқарылуда. Нысан басында Шардара қаласына келетін ауыз суды жинақтаушы резервуардың бетонды іргетасы құйылып, гидрооқшаулау жұмыстары жүргізілді. Жоспар бойынша топырақпен қайта көму, резервуар табанына арматура торын тоқу, бетон құю жұмыстары жүргізілмек. Одан бөлек, 13 шақырым құбыр тартылып, 26 дана камералы құдықшалар орнатылды. Құбыр тарту жұмыстарын жалғастыру үшін құбырлар мен басқа да материалдар тасымалдануда.
Құрылыс жұмыстарына 10 жүк көлігі, 3 жүк тиегіш, 4 экскаватор, 1 бетон араластырғыш қондырғы, 3 автокран және 4 ұңғыма бұрғылайтын техника тартылып, 45 адам жұмылдырылған.
Аудан әкімі құрылыс алаңын аралап, жауапты мамандар мен мердігер ұйым өкілдеріне сапаны қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі. Басты мақсат – қаланы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ алдағы жылдары ауылдарға құбыр тартып, сапалы сумен қамту.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.




