
Апта барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі саласында ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қызығушылық білдіріп отырған «Agrika Asia» компаниясының өкілдерін қабылдады.
Кездесу барысында инвесторлар Шардара қаласында жалпы аумағы 21 гектарды құрайтын заманауи жылыжай кешенін салу жөніндегі жоспарларымен таныстырды. Жоба аясында көкөніс сақтау және кептіру комбинаты, тәулігіне 3 360 тонна өнім өңдейтін томат зауыты және тәулігіне 200 тонна жем дайындайтын зауыт іске қосылады деп күтілуде.
Компания өз өнімдерін – томат пастасы, пюре, ұнтақталған көкөністер, сублиматтар, тағамдық қоспалар мен гранулалы жемді әлемдік нарыққа, атап айтқанда «Kraft Heinz» (Еуропа), «Agrana Foods» (Германия), «Samyang Foods» (Оңтүстік Корея) және «Marubeni» (Жапония) секілді жетекші халықаралық компанияларға экспорттауды жоспарлап отыр.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев жобаның өңір үшін маңызды екенін атап өтіп, оны жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Мұндай бастамалар Шардараның индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа технологияларды енгізуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік беретіні анық.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.




