Аптаның сәрсенбісінде Шардара қаласының Орталық стадионында Республика күніне арналған «Ұлы дала ойындары» аудандық сайыс өтті.

Іс-шараның мақсаты – жастар арасында қазақ халқының ұлттық ойындарын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың туған елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық рухты дәріптейтін мұндай сайыстардың маңыздылығын атап өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Құрметті ардагер» мерекелік медалін табыстады. Сонымен қатар, аудан басшысы робототехника, ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесін тамашалап, «Ұлы дала ойындарының» сайыс алаңын аралады. Ұлттық дәстүрдің бір көрінісі – тұсаукесер рәсіміне қатысып, жас сәбидің тұсауын кесіп, ақ жол тіледі.

Сайысқа 14-35 жас аралығындағы ауыл жастары қатысып, ұлдар арасында – садақ ату, қой жүнін қырқу, тас көтеру, күш атасы, ләңгі тебу, ал қыздар арасында – табаға нан жабу, құрт жасау, күбі пісу сынды ұлттық жарыс түрлері бойынша өзара бақ сынасты.

Сайыс қорытындысы бойынша І орынды Жаушықұм ауылдық округі, ІІ орынды Қ.Тұрысбеков ауылдық округі, ал ІІІ орынды Қоссейіт ауылдық округі иеленді. Жеңімпаз командаларға Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Өз тілшімізден.