
Апта барысында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы Тілемісовтің төрағалығымен «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында атқарылған жұмыстарды талқылауға арналған жиналыс өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков, аудан прокуроры А.Әлі, дербес бөлім басшылары, аудандық білім бөлімі қызметкерлері, мектеп директорлары мен ұстаздары, аудандық полиция бөлімінің өкілдері және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиналыс барысында білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Г.Шамиева мен аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Қ.Сатыбалдиев «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы бойынша баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы атап өтті.
Облыс прокурорының орынбасары Д.Тілемісов жиналыс барысында мектеп директорлары мен полиция қызметкерлеріне сұрақтар қойып, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.
Кездесу қорытындысында әр айдың 20 жұлдызында «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында тұрақты түрде жиналыс өткізуді, сондай-ақ атқарылған жұмыстардың есебін әр айдың 30 жұлдызына дейін облыстық прокуратураға жолдау туралы тапсырма берілді.
Бұл шара балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оқу орындарындағы тәрбие жұмыстарын күшейтуге бағытталған.
«Өскен өңір» – ақпарат.




