Халық пен билік арасында дәнекер болатын, ел ішіндегі өзекті мәселелерді қозғап, оның шешілуін қамтамасыз ету үшін қажетті мемлекеттік органдарға уәжін жеткізетін ұйымдарды Қоғамдық кеңестер деп атаймыз.

Қоғамдық кеңестерді құру бастамасы Қазақстанда 2013 жылы қолға алынды. Аз уақыттың ішінде өзінің тиімділігін көрсете білген ұйымдардың 2015 жылы құқықтық мәртебесі айқындалды. Қоғамдық кеңестер туралы арнайы заң қабылданды. 

Қоғамдық кеңес – консультативтік-кеңесші, байқаушы орган. Олар екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылды. Сондай Қоғамдық кеңес Шардара ауданында да құрылған.

Күні кеше аудан әкімдігінде Қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі болып өтті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев, аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, кеңес мүшелері, дербес бөлім басшылары қатысты. Жиынды кеңес төрағасы Нұрмаханбет Сапаров жүргізіп отырды.

Жиынның күн тәртібінде бекітілгендей алғаш болып «Мансап орталығы» Шардара аудандық филиалының басшысы Нартай Маханов 9 айда атқарылған жұмыстары бойынша есепті хабарлама жасады.

– «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» шеңберінде 5269 адамды жұмыспен қамту көзделсе, 9 айда 4054 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар облыс әкімдігінің қаулысымен мүгедектігі бар 12 адам, пробация қызметі есебінде тұратын 8 адам, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 1 адам, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1 адам жұмыспен қамтылды.

«Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бойынша бекітілген жоспар жыл соңына дейін толық орындалады, – деген Н.Майханов осы бағытта атқарылып жатқан өзге де жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Қанат Жақанов хабарлама жасады. Хабарламашы өз сөзінде өнеркәсіп, инвестиция, индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы, несиелендіру, туризм және балық шаруашылығы бағытында атқарылған жұмыстарға шолу жасады.

Үшінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Мейірбек Шомпиев хабарлама жасады. Ол өз кезегінде аудан көлеміндегі санитариялық тазалық, ауыз сумен қамту, табиғи газбен қамту, автомобиль жолдарының сапасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап өтті.

Кеңес мүшелері хабарламашыларға көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

Өз тілшімізден.