Көршiлес Өзбекстан Республикасындағы «Сардоба» су бөгетiнiң бұзылуы бiздердi ойландырып тастағаны анық. Тапа-тал түсте болған бұл апат  су қоймасы бар елдерге қауiпсiздiктi қатаң сақтауға,

кез келген уақытта төтенше жағдайға сақадай-сай тұру үшiн сақтық шарасын бұрынғыдан  күшейте түсуге себеп болғаны анық. Осы тұрғыда Шардара су қоймасының жағдайына да алаңдаушылардың көбейiп жатқаны заңдылық. Стратегиялық маңызы зор бұл нысан «Сардобадан» бiрнеше есе үлкен, әрi одан келер қауiптiң көлемi де жойқын. Баспасөз беттерiнде соңғы уақытта  «Шардараға қауiп төнiп тұр» деген мақалалар жиi жарық көрiп, оған әркiм әртүрлi пiкiр бiлдiрiп жатқанын көзi қарақты оқырман жақсы бiледi. Алайда су қоймадан келетiн қауiп туралы айтқанда көлденең көк аттының емес, бiлiктi мамандардың пiкiрiне құлақ асқан жөн. Сонымен, «Шардара су қоймасында шынында қауiп бар ма? Ол қауiптiң алдын алу үшiн не iстеу керек?»  деген сауалдарды бiрнеше мамандарға қойған едiк. Төменде сол азаматтардың пiкiрлерiн назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қазiргi таңда Шардара су қоймасының бөлiмше  басшысы Абай Мүтәлиев аталмыш мәселелерге байланысты мынадай анықтама берiп, пiкiрiн ортаға салды:

«Шардара су қоймасы жайында қысқаша айтсам, бұл ауқымды нысан 1967 жылы, су сыйымдылығы 5 миллиард  200 миллион  текше метр болып салынған. Қазiр бұл нысан «Қазсушар» РМК теңгерiмiнде.  Шардара су қоймасы егiстiктердi суландыруға, электр энергиясын өндiруге, су тасқындарымен күресуге және балық өнiмдерiн өндiруге негiзделiп құрылған.

Өздерiңiзге мәлiм, таяуда Өзбестан мемлекетiндегi  «Сардоба» су қоймасы жарылып, екi елге де үлкен шығын әкелдi. Осы тұрғыда, ел iшiнде Шардара су қоймасына да қауiп төнiп тұр деген ақпараттар өрiп жүргенi мәлiм. Мен «қауiп төнiп  тұр» деген сөз асыра сiлтеу деп ойлаймын. Себебi нысан 1967 жылы салынғаннан бастап, қауiптi аймақ болып табылады. Өйткенi ол жерде үлкен көлемде  жиналған су бар. Су тiлсiз жау болғандықтан, кез келген уақытта ол қауiптi болып саналатыны сөзсiз. Бұған таңқалып не үрейленiп дабыл қағудың қажетi жоқ. Үлкен жұмыстың, үлкен проблемасы болады. Сондықтан да, қазiр қауiпсiздiк үшiн тек ел аумағында ғана емес, халықаралық дәрежеде мәселелер көтерiлiп, шешу жолдары қарастырылып жатқанын айтқан жөн.        Ал су қойманың қазiргi кездегi өзектi мәселелерiне келер болсақ:     

1)  Шардара су қоймасының көршi Өзбекстан мемлекетiмен шекаралас аумағындағы Арнасай су реттегiш торабы арқылы апатты жағдайда  су тастау мәселесi бар. Яғни, Өзбекстан тарапы екi жаңа бөгет салып, бұрынғы Айдаркөлге өтетiн су өткiзу барынша шектелiп, жаңадан салынған бөгеттер Өзбестан Республикасының рұқсатымен суды қабылдап өткiзедi. Бұл апатты жағдай да айтарлықтай үлкен проблема болары анық. 

2)  Шардара су қоймасында су тасқынын болдырмаудың алдын алуға байланысты жаңадан секундына 1500 текше метр су өткiзетiн апаттық су қашыртқысын (аваринный канал) салуды ұсынамын.  

Шардара ауданының Құрметтi азаматы, «Құрмет белгiсi» және «Құрмет» ордендерiнiң иегерi, Қызылқұм массивiн игеруге белсене қатысқан еңбек ардагерi Тәңiрбердi АҒМАНҰЛЫ мынадай ұсыныс айтты:     

– Қазiргi таңда Шардара су қоймасының жағдайы туралы әңгiмелер көтерiлiп жүр. Яғни, су қоймадан қауiп бар ма, жоқ па деген сауалды әркiм әртүрлi мазмұнда талқылап жатыр. Мен жоғары оқу орнын бiтiрiп келген сәттен бастап, Қызылқұм тыңын игеру жолында еңбек еттiм. Соның iшiнде Шардара су электрстансасы жұмысына бастан-аяқ қатысқандықтан, су қоймасының жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтың бiрiмiн. Бұл тақырып жөнiнде су шаруашылығының маманы ретiнде өзiмнiң пiкiрiмдi бiлдiрiп келемiн.

Аға буын өкiлдерi 1969 жылғы қатал қысты ұмыта қоймаса керек деп ойлаймын. Қар мөлшерден тыс қалың жауып, шаруашылыққа көп шығын келтiрген жыл болды. Соның iшiнде Шардара су қоймасына да осы жылы үлкен қауiп төнген едi. Ол кезде су электрстансасы пайдалануға берiлiп, мен №10 ЖМК-да басшылық қызмет атқаратынмын.  Әлi есiмде, су қоймаға жоғары жақтан келiп құйылып жатқан судың мөлшерi бiрден артып кеттi. Секундына 5400 текшеметр су жоғары жақтан лақылдап келiп құйылып жатты. Бұл бұрынғы көрсеткiштен бiрнеше есе көп едi. Ал су қоймадан төменгi жаққа секундына 3400 текшеметр ғана су босатылды. Яғни, Арнасайдан Айдаркөлге қарай 1700, «Қызылқұм» каналы мен су электрстансасының төменгi жағына қарай 1700 текшеметр су кетiп жатты. Барынша ашқандағы кетiп жатқан судың мөлшерi осы. Одан артық жiбере алмаймыз. Ал жоғарыдан 2000 текшеметр су артық құйылып отыр. Су қоймасының арнасы барынша толып, күннен-күнге кемерiнен асып бара жатыр. Бұл үлкен қатер едi. «Не iстеу керек?» деген сауал аудан мен облысты былай қойғанда, кеңестiк үкiмет мүшелерiнiң басты проблемасына айналды. Сол кездегi одақтық Су шаруашылығының министрi Е.Алексеевскийдiң өзi Мәскеуден ұшып келiп, Арнасайдың бойында екi күн жатты. Мамандармен талқылай келе, күрделi жағдайдан шығудың бiрден-бiр жолы – Арнасай бөгетiн жарып, қоймадағы енапат, мол суды құмға қарай Айдаркөлге ағызу туралы шешiмге тоқтады. Өйткенi басқа жол жоқ едi. Не керек, ертең азанда Арнасай бөгетiн қопарамыз деп тұрғанда жоғарыдан құйылып жатқан судың мөлшерi күрт түсiп, қауiптiң бетi сейiлдi. Сонымен Арнасайды қопару iсi жүзеге асқан жоқ. Бiрақ күллi Одақтың мамандарын әбiгерге салған, халыққа айтарлықтай қауiп төндiрген жағдай болды. Мiне, содан берi 51 жыл уақыт өттi, дәл сондай күрделi, қауiптi жағдай екiншi рет қайталанған емес. Алайда айдың-күннiң аманында сондай қауiптi бiздер көргендiктен, әлi күнге есiмiзден шықпайды. Лайым, ондай апаттың бетiн аулақ қылсын.

Дегенмен дәл сондай қауiптi жағдайдың қайталан-басына ешкiм де кепiлдiк бере алмайды. Қырғыз бен тәжiктiң, өзбек бауырлардың елдерi арқылы келетiн дария суына осынау мемлекеттердiң мамандары жауапкершiлiкпен қарайды дегенiмiзбен, бiздер сақтық шарасын ешуақытта қаперiмiзден шығармауымыз қажет.

Халықаралық жағдайлардың шиеленiсiп тұрған бүгiнгi ахуалында небiр апаттардың ойламаған жерден бұрқ ете қалуы әбден мүмкiн. «Құдай сақтанғанды сақтайды» деген халқымыздың даналық сөзiн ұмытпауымыз керек.

Айтқан жерден аулақ,  қоймаға 69 жылғыдай төтеннен мол су құйыла қалған жағдайда не iстеуiмiз керек? Бұрынғыдай Арнасай бөгетi арқылы Айдаркөлге су жiберу мүмкiн емес. Себебi өзбек ағайындар ол жақтан су қойма жасап алғандықтан, артық суды өткiзбейтiнi жалпақ жұртқа белгiлi. Маман ретiнде айтатын бiрден-бiр пiкiрiм – апатты жағдайда су қоймадан дарияға төтелей ағатын канал салуымыз қажет. Сол канал арқылы дарияның төменгi ағысына секундына 1500 текшеметр су тастай алатын болсақ, су қоймада қауiп болмайды. Ондай апатты каналды Шардара су қоймасынан Жаушықұм алқабы арқылы жасау жөнiнде бiрнеше мәрте ұсыныс жасап жүрмiн. Егер сондай үлкен каналдың жобасын жасап, жүзеге асырсақ, пайдасын көрмесек зиянын көрмеймiз. Мана айтқанымдай, бiрiншiден Шардара су қоймасына қанша мол су келсе де сол канал арқылы төмен қарай жiберiп отырамыз. Екiншiден, бұл каналды тиiмдi пайдалана бiлсек, көп кәдеге жаратуға болады. Мәселен, ауданда туризмдi дамытамыз деп отырмыз ғой. Мiне, осы үлкен каналды сондай жағдайға пайдалануға болады. Түрлi қайық жарыстарын, басқа да мәдени-спорттық ойын түрлерiн осы канал бойында ұйымдастыруға болады.                        Қорыта айтқанда, су қоймадағы қауiптi апатты канал жасау арқылы сейiлте аламыз деген ой айтамын. Сонда алаңсыз болатын едiк.  

Ал 1998-2011 жылдар аралығында  «Шардара  СЭС»  акционерлiк Қоғамының төрағасы болып жемiстi еңбек еткен, қазiргi кезде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiс депутаты  Құдайберген  ЕРЖАН апатты қашыртқы (аваринный слив) салуға қарсы екендiгiн жеткiздi...

«Мен апатты қашыртқы салуға (аваринный слив) негiз жоқ  деп айтар едiм. Бұл жөнiнде Үкiмет отырысында жан-жақты фактiлермен дәлелдеп тоқтатқанмын. Сырдарияға сыймаған суды қайда жiбересiң?  Дұрысы  су қоймадағы ереженi бұлжытпай орындап, бiлiктi мамандарды тартып, ешқандай дау-дамайсыз су деңгейiн тәртiппен бiрқалыпты ұстап отыру қажет.

Жарты ғасырдан артық мүлт етпей тұрған бөгет, бiрден өздiгiнен қирай салады деген ақылға сыймайтын сөз. Оның үстiне, қазiр қоймада күрделi жөндеу жүрiп  жатыр. Оған қоса, қоймаға жиналатын су деңгейi бұрынғы уақыттармен салыстырғанда төмендеп келе жатқанын да ескеру керек.  Мысалы, Тәжiкстан, Қырғызстан, Өзбекстан секiлдi бiзге  дейiнгi су келетiн елдер, су қоймалар салып, өз қажеттерiне суды тиiмдi пайдалану жұмыстарын қолға алған. Яғни, бiзге бұрынғысынша  ағып келетiн  көп су айтарлықтай тежелiп қалған. Сонымен қатар, апатты жағдайдың алдын алу үшiн,  көктемгi жауын-шашын, қар ерiп, су көбейер уақытта су қоймада алдын ала су жинауға арналған  бос көлем сақтап отыру керек. Сосын ол суды Сырдарияға белгiлi бiр тәртiппен  тастап отырса, Аралға барып құяды. Ал басқа уақытта ешқандай қауiп жоқ . Сол үшiн,  апатты су қашыртқысын (аваринный слив) салудың қажетi шамалы және мемлекетке артық шығын дер едiм. Оған қоса, шет елдiң менмiн деген мықты құрылыс компанияларының салып кеткен нысандары сыр берiп жатқан кез қазiр. Яғни, апатты қашыртқы салып, оның сапасымен алысып жүргеннен көрi су қоймадағы күрделi жөндеу жұмыстарын сауатты түрде жүргiзу қажет деп санаймын.

Кез келген елде су қойманың берiктiгiн сақтау үшiн, бекемдеу жұмыстары тұрақты атқарылатыны анық. Шардара су қоймасының берiктiгiн сақтау үшiн көптеген жөндеулер, қосымша бекемдеулер өткiзiлуде және тоқтаусыз жалғасады. Ал су қойманың алғашқы құрылысынан бастап, сол кездегi КСРО-ға белгiлi гидротехник мамандар қатысып, су бөгетiнiң құрылысы талапқа сай салынған. 

Мен бiр мәселенi көтерер едiм. Қазiргi кезде, Шардара су қоймасында қызмет атқаратын бiлiктi мамандар жоқтың қасы. Сол үшiн де бұл салада еңбегi сiңген ардагер мамандардың қазiргi кезге алаңдаушылық тудырып, қауiп бар деген мәселенi қозғағаны орынды-ақ. Ол жерге бiлiктi, бiлiмдi мамандар тартылса, барынша кез келген жағдайда су қойманың жағдайынан қапы қалмайтын мықты кадрлар қажет деген ұсынысым бар.  Өйткенi қазiр заман басқа. Заманауи құрылғыларды меңгерген, электронды, компютерлiк қондырғылармен су қойманың жағдайын тексерiп отыратын кез қазiр. Сондықтан босқа даурыға бермей, толық ережеге сай жұмыс атқарса, ешқандай мәселе болмайды деп бiлемiн.

Жоғарыдағы мамандардың  пiкiрлерiн тыңдай отырып, мынадай қорытынды шығаруға болады. Дәл қазiргi уақытта Шардара су қоймасына төнiп тұрған қауiп жоқ. Дегенмен алдағы уақытта апатты қашыртқы салу керек деген тұжырымның ақылға қонымды екендiгiн және ол қауiпсiздiк үшiн де, мемлекеттiк мүддеге де пайдалануға болатындығын түсiнгендеймiз. Проблема көтерiлген жерде, мәселенiң шешiлу жолы қарастырылып, жан-жақты есептелiп, бағамдалатыны белгiлi. Тиiстi мамандар халықтың амандығын ойлай отырып, көтерiлген мәселенiң оң шешiмiн тауып бередi деген сенiмде болайық.

Р.ПЕРДЕБЕК.