
Өткен аптада аудандық ардагерлер үйінде ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісі өтті. Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебінің» өкілдері, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, аудандық ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы», денсаулық сақтау саласының мамандары, төтенше жағдайлар бөлімі және газ шаруашылығы мекемелерінің өкілдері қатысты.
Мәжілісті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Тоқсанбай ашып, алдымен жақында Жетісайда болған ауыр жағдайға орай сол жерге барып қайтқанын және оқиғаға аудан ардагерлері де қолдау көрсетіп жатқанын атап өтті. Бұдан кейін жиынның негізгі тақырыбы – қоғам өміріндегі ұрпақ тәрбиесі және бұл бағыттағы ардагерлердің ықпалы туралы кеңінен сөз қозғады.
Онан соң, «Әкелер мектебінің» төрағасы Нұрғали Ыбырайым баяндамасын жалғастырды. Ол биылғы Президент Жолдауында ел дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі ретінде алдағы үш жылда жасанды интеллект пен толық цифрландыруға көшу қажеттігі айтылғанын жеткізді. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері Ж.Мұсаева қазіргі кезде өршіп тұрған тұмаудан сақтану жолдары туралы түсіндіре келе, уақтылы екпе алу, қоғамдық орындарда бетперде тағу және басқа да санитарлық талаптарды сақтау қажеттігін айтты. Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Сәтпаев жақында Жетісай ауданының Алғабас елді мекенінде орын алған қайғылы оқиғаның себептеріне тоқталып, тосын апаттардан сақтанудың негізгі ережелерін қатаң сақтау керектігін жеткізді. Осы мәселеге орай, тұрғын-үй және газ қызметі орталығының өкілі де, газды пайдалану ережелерін сақтаудың маңызын атап өтті. Әсіресе, асханалардағы ауа шығару тесіктерінің ашық болуы, сигналдық құрылғылардың жұмыс істеп тұруы, қазандықтың сыртта орналасуы мен мұржаның уақытылы тазалануы қажеттігі, сондай-ақ, балаларды қараусыз қалдырмау керектігі ескертілді.

«Қасиет» орталығының директоры А.Тұрғанбаев жастар тәрбиесі мен ардагерлердің бұл бағыттағы рөлі туралы айтылған ұсыныстарды қолдайтынын білдірді. Ол өз мекемесінде де жастар тәрбиесі, қауіпсіздік және ауданымызда болып жатқан жағдайларға байланысты түсіндірме жиналыстар өтіп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ардагерлердің демалыс орындарына жолдама алу барысында кейде туындап жататын түсінбеушіліктерге тоқталды. Ауданда 8000-ға жуық ардагер болса, жолдамалар саны он есе аз. Биыл 770 ардагер демалып қайтқанымен, әлі мыңға жуық адам кезекте тұрғанын айтты.
Ұрпақ тәрбиесі бағытында «Әжелер мектебінің» төрайымы Г.Исаева да баяндама жасап, ардагерлер қауымы мен ұстаздар арасында тығыз байланыс орнағанын жеткізді. Алатау батыр ауылы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы С.Қуан да ауыл ардагерлерінің мектеп ұжымдарымен бірігіп, тәрбие бағытында атқарып жатқан жұмыстарын атап өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы А.Данияров бала тәрбиесінде ата-ана мен мектеп байланысының маңызын айта келе, соңғы уақытта мектеп жасындағы балалардың мопед айдап жол апатына түсуі және түн ортасына дейін тойханаларда жұмыс істеп жүргені секілді келеңсіз жағдайлар орын алып жатқанын, бұған қатаң тыйым қажет екенін жеткізді.
Жиын соңында қаралған мәселелерге байланысты қорытынды сөз сөйлеген төраға Т.Бердібеков мәжілістің мазмұнды, әрі пікір алмасуға толы өткенін атап, бірқатар ұсыныстарын білдіріп, қосымша ішкі мәселелерді талқылады.
Айдар Әбубәкіров.




