Италияның тарихи астанасы – Рим қаласында өткен «Fibonacci International Robot Olympiad» әлемдік финалында 28 мемлекеттен 2 мыңнан астам қатысушы бақ сынады. Олардың қатарында Қазақстаннан барған 90 дарынды жас та өз білім-білігін көрсетіп, халықаралық аренада ел намысын қорғады.

Сол үздіктердің бірі – Шардара қаласындағы М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Ережеп Уәлихан. Ережеп Уәлихан ұстазы Раушан Исақованың жетекшілігімен «Avtonomy Car» категориясында II орын, информатика пәнінің мұғалімі Маржан Саудабаеваның жетекшілігімен «3 kg Sumo» категориясында III орын иеленіп, әлемнің айтулы командалары арасынан топ жарды.

Әлемдік додада озық нәтижеге қол жеткізген шәкіртті апта барысында аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы салтанатты түрде қабылдады.

Қабылдау барысында Арман Романұлы дарынды оқушыға: «Білектіге – сенім, білімдіге – жеңіс серік. Еліміздің даңқын асқақтата беруіңе тілектеспін», – деп жылы лебізін білдіріп, Алғыс хат пен 500 мың теңгелік сертификат табыс етті.

Сонымен қатар, шәкіртінің талабын ұштап, табысқа жетелеуде ерекше еңбек сіңірген ұстаздар «Шардара ауданына 60 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Бұл жеңіс – қажырлы еңбек, талмай іздену және үздіксіз дайындықтың жарқын жемісі.

Мектеп ұжымына шығармашылық табыс, жаңа белестер тілейміз!

Аудан әкімінің баспасөз қызметі