
Апта барысында «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалында Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы азаматтардың арыз-өтініштері бойынша жеке қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Е.Бекет, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық бөлім басшылары, сондай-ақ қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар тарапынан әлеуметтік және инфрақұрылымдық сипаттағы бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда: тұрғын үй алу және кезекке тұру, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, жұмысқа орналасу, жарамсыз жолдарды жөндеу, ауыз су мәселелері бойынша өтініштер тіркелді.
Тұрғындар айтқан мәселелердің салалық бағыттарына сәйкес өтініш иелерін аудан әкімінің орынбасарлары жеке қабылдап, тиісті түсіндірулер берді және әр өтінішті қарау бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Аудан әкімі барлық ұсыныс пен өтінішті мұқият тыңдап, жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Көтерілген мәселелердің орындалу барысы бақылауға алынып, аудан әкімдігі мен «AMANAT» партиясы тарапынан тұрақты түрде қадағаланатын болады.
«Өскен өңір» – ақпарат.




