
Осыдан біршама уақыт бұрын Түркістанда тігілген ең үлкен сәукеле Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілгенін хабарлағанбыз.
Тарихи сәтте Қазақстанның рекордтар кітабының ресми өкілі сәукеленің рекордтық мәртебесін ресми түрде жариялаған. Ол әлемде мұндай үлкен бас киімді ешкім жасамағанын атап өтіп, жобаны Гиннестің үшінші әлемдік рекордтар кітабына енгізу үшін жұмыс істеп жатқандарын атап өткен. Таяуда алып сәукеленің Гиннестің үшінші әлемдік рекордтар кітабына енгені жайлы хабар келді.
Жобаның авторы жерлесіміз, шебер тігінші, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі төрайымының кеңесшісі Дауылбаева Ақмарал Шаншарқызы.
Осынау қуанышты жағдайға орай өткен аптада «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Шардара аудандық филиалының ұйымдастыруымен осынау алып сәукелені тігуге атсалысқан шеберлерді марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрайымы Ботагөз Мошқалова, аталған ұйымның аудандық филиалының төрайымы Бибігүл Көшекеева, Жарылқасын Ізбайқызының жетекшілігіндегі «Әжелер» халықтық ансамблі, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық ішкі саясат бөлімінің теологы Асылхан Данияров, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов, аулдық округтердегі Аналар кеңесінің төрайымдары қатысты.
Іс-шара барысында жоба авторы А.Дауылбаеваға алып сәукеленің Гиннестің үшінші әлемдік рекордтар кітабына енгендігін растайтын арнайы сертификат табыс етілді. Сонымен қатар осы жобаның жүзеге асуына атсалысқан барша шеберлерге Алғыс хаттар табысталды.


Бірегей экспонат 30-дан астам түркі халықтарының ою-өрнектерімен безендірілген. Әйелдерге арналған ұлттық бас киімнің биіктігі 5 метрден асады, ал жабуы 600 метр.
Жоба авторы Ақмарал Дауылбаеваның айтуынша, ұлттық бас киім – бұл киімнің элементі ғана емес, халық бірлігі мен рухани сабақтастықтың айнасы.
«Сәукелеміздің биіктігі көкпен таласып, шыңмен тіресіп тұрсын дедік. Сондықтан оны 5 метр 20 сантиметр етіп жасадық. Ал, ою-өрнегін терең мағынамен көмкеруді жөн көріп, сәукеленің кейпінен Жер ананың бейнесін жасадық. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен Ана – өмірдің мәңгілігін, тіршіліктің түп-тамырын білдіреді. Сол себепті оюын өмір ағашы бейнесінде өрнектедік», – дейді жоба авторы.
Іс-шара барысында «Әжелер» халықтық ансамблі мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән салып, тыңдармандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Өз тілшімізден.




