Күз мезгілі – нәпақасын маңдай терлерімен айырып отырған ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін аса жауапты кезең. Биылғы күз мезгілінің жанға жайлы болғаны сонша,  диқан қауымы ала жаздай үміт артып отырған дақылдарын жерде қалдырмастан жинап алды. Ал кешегі аптада аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі қорытындыланған «Алтын күз-2025» мерекелік іс-шарасы өтті.

Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлері өндірген тауарлардан арнайы көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Мансап орталығы» Шардара аудандық филиалы тарапынан «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында мемлекеттік қайтарымсыз грант алушылардың көрмесі өтті.

Салтанатты шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауыл шаруашылығы саласының үздік еңбеккерлеріне алғыс айтып, Шардараның аграрлық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын, диқандардың бірлігі мен жүйелі жұмысының нәтижесінде барлық негізгі дақылдар бойынша жоғары өнім алынғанын атап өтті. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарында техника жаңарып, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп жатқанын айтты.

Арман Романұлы алдағы жылдың егіс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатқанын, күздік бидай егу толық орындалғанын жеткізіп, еңбеккерлерге: «Адал еңбектеріңіз ауданның дамуына зор үлес қосып отыр. Берекелі өнім, молшылық, табыс тілеймін!» – деп лебізін білдірді. Сонан соң үздік еңбеккерлерге арнайы дипломдар мен Алғыс хаттар, сыйлықтар табыстады.

Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихаттың төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев те шардаралық диқандардың еңбегін жоғары бағалап өтті. Сонымен қатар үздік деп танылған ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арнайы дипломдар мен Алғыс хаттар табыстады.

Жыл қорытындысы бойынша Күлсара Байбатырова, Мақсат Анашбеков ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, Оразалы Шыршықбаев пен Әбдірәсіл Иманбердиев ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Құрмет грамотасын иемденді. Ал Роза Ахметова аудан әкімінің Грамотасын иеленді.

Сонымен бірге Абай Мүтәлиев «Жылдың үздік су шаруашылығы қызметкері», Нұрман Бигелов «Жылдың өсімдік қорғау саласының үздігі», Бақытжан Мыңбатыров «Жылдың үздік ветеринар-дәрігері», Айдос Талипов «Жылдың үздік орман шаруашылығы қызметкері», Мөлдір Есенгелді «Жылдың үздік балық өсірушісі», Сайлау Алпысбаев «Жылдың үздік түйе өсірушісі», Жалғас Қошқарбаев «Жылдың үздік мал азығын дайындаушысы», Дінислам Тілеубаев «Жылдың үздік күріш өндірушісі», Ержан Ақбаев «Жылдың үздік ауыл шаруашылығына инвестиция тартушы», Қалдыбай Қадыров «Жылдың үздік мақта өсірушісі», Ерсейіт Шыныбаев «Жылдың үздік мал бордақылаушысы», Досбол Телқозиев «Жылдың үздік бақша өсірушісі», Құрбанбай Қосжанов «Жылдың үздік ет өнімдерін өндіруші», Ерлан Қожахан «Жылдың үздік ардагері», Рысбай Мұқашев «Жылдың үздік ауыл шаруашылығы қызметкері» атанды.  

             

Ауылдық округтер бойынша Жаушықұм ауылдық округі «Бақша өндіруден озат ауыл», Алатау  батыр ауылдық округі «Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалауда озат ауыл» деп танылды. Жүлделі орындар бойынша 3-орынды Қоссейіт ауылы, 2-орынды Достық ауылы, ал 1-орынды Ұзын ата ауылы иемденді.

Іс-шара мерекелік ән шашуға жалғасып, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.

 «Өскен өңір» – ақпарат.