
Кеңес Одағының тұсында ұзаққа созылған соғыстың бірі – Ауған соғысы. 1979 жылы 25 желтоқсанда кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті мемлекеттік шекараны кесіп өтіп, Ауғанстан территориясына кірді. Бүгінгі күні осы бір сұрапыл соғыстың басталғанына аттай 46 жыл толды.
Ауған соғысы барысында Кеңестік әскер тарапынан орасан зор адам шығыны орын алды. 15 мыңға жуық адам қаза тапты, 50 мыңнан аса адам жараланды, 311 адам із-түзсіз жоғалды. Қазақстаннан 22 мың адам Ауған соғысында болып қайтты. Олардың 1000-ға жуығы осы соғыста құрбан болды, 20 адам із-түзсіз жоғалды. Соғыста құрбан болғандардың қатарында шардаралық жауынгерлер де болды.
Солақай саясаттың салдарынан қабылданған шешімнің кесірінен қаншама боздақтар өмірдің ең жоғарғы өлшемі өліммен есептесіп, сыртқы елдердегі қанды қақтығыстарда опат болды. Бірақ амал қанша, бұйрық талқыланбайды, орындалады. Осылайша 1979 жылдың 25 желтоқсаны кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстанға кірген және соғыстың басталған күні ретінде тарихта қалды.

25 желтоқсан күні Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары-тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің бастығы, подполковник Жәнібек Шәмшиев бастаған «Шардара» шекара бөлімі мен Асқар Шералиев төрағалық ететін «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының ұйымдастыруымен аудан орталығындағы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Жиынға шекара қызметкерлері, Ауған соғысының ардагерлері, аудандық қорғаныс бөлімінің басшылары мен қызметкерлері қатысты. Жиын барысында сөз алғандар аталған сұрапыл соғыстың зардабы мен салдары туралы әңгіме шертті. Іс-шара соңында «Шардара» шекара бөлімінде ардагерлерді еске алу дастарқаны жайылып, өмірден өткен Ауған соғысы ардагерлерінің рухына құран-дұға бағышталды. Сонымен қатар, Отанға адалдық, патриотизм тақырыптарында келелі ойлар айтылды.
Өз тілшімізден.




