Кеше аудан әкімі Арман Қарсыбаев жерлесіміз, танымал боксшы Сапарбай Нұрлан Әуелбайұлын және оның жеке бапкері Ахантаев Ербол Бейсенұлын арнайы қабылдады.

Кездесу барысында аудан әкімі еліміздің ғана емес, туған жері Шардараның да абыройын асқақтатып жүрген спортшыға ерге лайықты құрмет көрсетіп, астына тұлпар мінгізді. Сонымен қатар, аудан халқының атынан алғыс білдіріп, алдағы спорттық жолына табыс пен жаңа жеңістер тіледі.

Өз сөзінде Арман Роман-ұлы: «Алыптардың арасында финалға жолдама алу – үлкен тәжірибе мен жоғары шеберлікті, сондай-ақ, өр намысты талап етеді. Бүгінгі күнге дейін Нұрлан бауырымыз көптеген белестерді бағындырып келеді. «Шардара – чемпиондар мекені» деген сөзді іс жүзінде дәлелдеп жүрген азаматтың бірі – өзіңсің», – деп атап өтті.

Сапарбай Нұрлан Әуелбайұлы – Қазақстан Республикасының бокстан төрт дүркін чемпионы. Атап айтқанда, ересектер арасында үш рет, жастар арасында бір рет ел чемпионы атанған. Сондай-ақ, 2025 жылы Нидерландыда өткен халық-аралық чемпионатта және Ресей Федерациясында өткен халықаралық жарыстарда бірінші орын иеленіп, чемпион атанды. Бұдан бөлек, Дубай қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, +92 келі салмақ дәрежесінде төртінші орынға қол жеткізген.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.