
Құрметті «Өскен өңір» газетінің шығармашылық ұжымы мен қадірлі оқырмандары!
Сіздерді Шардара ауданының ақпараттық айнасына, шежірелі шежіресіне айналған аудандық «Өскен өңір» газетінің 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Алпыс жыл – бір дәуірдің тарихы. Осы уақыт ішінде «Өскен өңір» газеті аудан өміріндегі маңызды оқиғалардың барлығын қалт жібермей, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, мәдениеті мен руханиятын, қарапайым еңбек адамдарының қажырлы еңбегін жүйелі түрде насихаттап келеді. Басылым әрқашан уақыт талабына сай жаңарып, қоғамдағы өзгерістерге сергек үн қоса білді.
Газет беттерінде туған жерге деген сүйіспеншілік, бірлік пен ынтымақ, елдік мүдде, ұлттық құндылықтар кеңінен көрініс тауып, ұрпақ санасына сіңіріліп келеді. Бұл – «Өскен өңірдің» халық алдындағы басты борышы әрі абыройлы міндеті.
Мерейтой – өткен жолға тағзым жасап, болашаққа бағдар түзеудің сәті. Осы жылдар ішінде басылымның дамуына үлес қосқан барша қалам иелеріне, ардагерлеріне, бүгінгі шығармашылық ұжымға және газетті үзбей оқып келе жатқан оқырман қауымға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Алдағы уақытта да «Өскен өңір» газеті әділ сөздің мінбері, елдік мүдденің жаршысы болып, Шардара ауданының рухани серігіне айнала берсін. Шығармашылық табыс, тың бастамалар мен толағай жетістіктер тілеймін!
Мерейлі мерейтой құтты болсын!
Құрметпен, аудан әкімі А.Қарсыбаев




