
Құрметті ойлы оқырман!
Сіз бен бізге құтты мекен болып отырған шежірелі өлке – Шардара тарихын хаттап, шежіресін шынжырдай тізбелеген, ескінің үні, кешегінің көзі, бүгінгінің өзі мен сөзі болып табылатын «Өскен өңір» газетінің қалың жұртшылыққа жол тартқанына 60 жыл толды! Асқаралы асу – редакция қызметкерлерінің ғана тойы емес, газеттің әрбір шығарылымын қалт жібермей қадағалап отыратын қалың оқырманның тойы. Ендеше, 60 жылдық мерейжас құтты болсын!
«Өскен өңірдің» шаңырағы астында небір марғасқа журналистер еңбек еткен. Талай жас журналист «тарыдай болып кіріп, таудай болып» жетіліп шыққан қара шаңырақ.
Газеттің тағдыры тоқырауға да, толысуға да толы болды. 1964 жылы 31 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен аудан құрылып, аудан орталығы Абай селосы болып бекітілді. Тура бір жылдан соң 1966 жылдың 1 қаңтарында аудандық партия комитеті мен халық депутаттары аудандық кеңесінің органы ретінде «Өскен өңірдің» тұңғыш саны жарыққа шығып, оқырманға жол тартты (фотода "Өскен өңірдің" 1966 жылғы №1 шығарылымы).
Аудан орталығы Шардара қаласына көшірілген 1969 жылдың 13 қаңтарына дейін газетке М.Әлжанов редакторлық еткен. 1969 жылы аудан орталығы Шардараға көшірілген кезде «Өскен өңір» де осында шығарыла бастады. Редактор Қ.Аққасынов болды. Осы кезден бастап қазақ және орыс тілдерінде – «Өскен өңір», «Возрожденная степь» болып шыға бастады. Орыс тіліндегі шығарылымға Қ.Құлайысов жетекшілік еткен.

«Возрожденная степьте» Беларусь мемлекеттік университетін, сондағы Жоғары партия мектебін бітірген Е.Е.Зубарев, Москвадағы М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген В.Каменов пен ҚазМУ түлегі, кейіннен Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстандағы меншікті тілшісі болған В.Зубцова, Г.Ермакова тағы басқалар істеді.
Ал “Өскен өңір” Шардара қаласына қоныс тепкен соң талантты жазушы, журналист Жәлел Кеттебеков, журналистер – Мейірхан Аңламасов, С.Досжанов, Қарлығаш Сабыровалар қосылды. 1975 жылдары «Өскен өңір» негізгі газетке айналып, Ниятолла Сейданов, Оңалбай Еспанов, Нұрлан Ыбыраевтар келді. 1980 жылдары Құдайберген Өтеш пен фототілші Оңласын Төлегенов келді. Осы кезеңдерде ақын Нұрғали Ыбырайым да газетте өз қолтаңбасын қалдырды.
Газет аптасына 3 рет аудандық баспаханада шығарылды.
1966-2026 жылдар арасында «Өскен өңірді» 10 редактор басқарды. Олардың арасында М.Әлжанов, Қ.Аққасынов, Б.Тұрмағанбетов, Кәрім Үкібаев, Мейірхан Аңламасов, Бақыт Қалымбет, Жұмабек Мұқанов, Есенбай Бейсенбиев, Әділ Әбдіраманов, Сәбит Лахановтар жергілікті, шын мәніндегі кәсіби қаламгерлерді тәрбиелеуге, ауданның шынайы шежіресіне арналған «Өскен өңір» газетін қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірді.
Газет 2007-2010 жылдары «Шардара тынысы» деген атпен жарық көрді.
Газетті 2011-2018 жылдары Есенбай Бейсенбиев басқарған тұста газет өзінің «Өскен өңір» деген тарихи атауын қайта иемденді.
2021 жылы газет толық жекешелендірілді. Қазіргі таңда газеттің құрылтайшысы, әрі директор-бас редакторы Сәбит Лаханов.
«Өскен өңір» – басылымға әр жылдары басшылық еткен қайраткер қаламгерлердің жансебіл тірліктері арқасында шайқалса да құламай, мұңайса да мұқалмай 60 жылдық ғұмырды артта қалдырды. Осы асқаралы асуына жай жеткен жоқ – өлке өмірін газет бетінде өрнектеп, өз оқырмандарын қалыптастырып, жастарды тәрбиелей жетті. Жазушы Жәлел Кеттебеков, ақын Қаныбек Сарыбаев, Әбілхан Әбіласанов, Оңғар Өмірбеков, Ниятолла Сейданов, фототілші Санақ Дәкебаев, Омархан Сүлеев, Оңалбай Еспанов, Нұрлан Ыбыраев, Құдайберген Өтешов, фототілші Оңласын Төлегенов, ақын Нұрғали Ыбырайым, Шайзада Сүлейменова, Айғаным Мұсаева сынды қаламы жүйрік журналистер газетте мақала көрігін қыздырды. 2010-2020 жылдар аралығында Бодық Шырынбеков, Құдіретілла Рахматуллаев, Жаңабай Сейдуалиев есімді журналистер «Өскен өңірде» өз қолтаңбаларын қалдырды.
Аттары аталған аға буынның аяғын ала Мұрат Таңқыбаев, Айжан Байбөриева, қазіргі таңда «Оңтүстік Қазақстан» газетінде еңбек жолдарын жалғастырып жатқан ерлі-зайыпты Аман Жайымбетов пен Бақтыгүл Ауданова, Дамира Молданазарова, Эльмира Өтешова, білікті ұстаз Орынша Қалшабекова, Жанар Әбдірахымова, Клара Бөрібекова, Ақбота Өсербай, Рүстем Пердебектер журналистік қабілеттерін осы шаңырақта шыңдады. Әлібай Сериев, Гүлнар Ағманова, Мейрамбек Пәсенов, Гүлнар Елеусізова, Алтынай Ескерова, Ақниет Әбубәкіровалар корректорлық қызмет атқарса, Несібелі Жүнісова, Күләш Отарова, Гүлмира Ысқақова, Марал Тұртбаева, Тоғжан Әбдіғани, Айжан Қалшабековалар оператор болып жемісті еңбек етті. Бағдарламашы Бейбіт Ералиев, Сәуле Исаева мен Жанат Қалиева есепшілік қызметте, Динара Ақназарова дизаинерлік қызметте еңбек жолдарын жалғастырды. Қазіргі таңда тілші Мадина Ералы, бағдарламашы Айдаралы Әбубәкіров, дизаинер Айнұр Сарбасова, есепші Мария Мүтәлиева, оператор Сұлушаш Жамантаевалар «Өскен өңірдің» өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келеді.
«Өскен өңір» осы уақыттар аралығында талай-талай таланттардың тұсауын кесіп, томағасын сыпырып, қанаттарын қатайтты. Жоғарыда айтып өткен жазушы Ж.Кеттебеков, ақын Қ.Сарыбаевтардан бөлек қоғам қайраткері, ақын Қазыбек Иса, Бауыржан Қарабеков, Әмірхан Балқыбек, Әлібек Шегебайлардың туындылары оқырмандарға ең әуелі «Өскен өңір» арқылы жол тартып жатты. Аттары аталған жерлестеріміз қазіргі таңда шардаралықтардың ғана емес, күллі қазақтың мақтанышына айналып отыр. «Өскен өңір» таланттарды таныту мақсатындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Қазақтың көрнекті жазушысы Ш.Мұртаза ондыққа «дөп» тигізіп айтқанындай, «Жегені жантақ, арқалағаны алтын» журналистердің аудан көлеміндегі осы шағын ұжымы тұтас ауданның Кеңес Одағы тұсындағы, тәуелсіздік тұсында, оның тоқырау кезеңінде қиын да күрделі жағдайда басталып, көшін қайта түзеп, салтанатты сәнін келтіре бастаған шежіресін, жоғарыда есімдері аталған аға ұрпақтың бастаған абыройлы жолына дақ түсірмей, лайықты жалғастырып келеді.
«Өскен өңір» – руханияттың сақшысы, жарқын істердің жаршысы болып қала береді!
Сәбит Лаханов, «Өскен өңір» газетінің директор-бас редакторы.




