
Шардарада ірі мақта өңдеу зауыты салынбақ. Бұл жайында аудан әкімі Арман Қарсыбаев пен «AAN Group» ЖШС-нің төрағасы Әлімжан Бигелов арасында өткен кездесуде талқыланды.
Жиын барысында инвестор Шардара ауданы аумағындағы Жаушықұм өңірінен жалпы көлемі 900 гектар жерге мақта егіп, оны өңдеу жоспарымен таныстырды. Аталған жоба аясында мақта өңдеу зауытын іске қосу көзделіп отыр.
«AAN Group» ЖШС қазіргі таңда жер асты суының құрамы мен қорын анықтау мақсатында зертханалық жұмыстар жүргізуде. Жобаның жалпы құны - 1 млрд теңге. Өндірілетін өнімнің 90 пайызы Еуроодақ, Қытай Халық Республикасы және ТМД елдерінің нарығына экспортталмақ. Аудан әкімі жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, оны іске асыру барысында аудан әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Мұндай инвестициялық бастамалар Шардара ауданының әлеуетін арттырып, заманауи технологияларды енгізуге, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретіні айтылды.
«Өскен өңір» – ақпарат.




