Арафа – зул-хиджа айының тоғызыншы күнi әрi қасиеттi Құрбан айт мейрамының алдындағы күн.
«Арафа» сөзi танысу, бiлу деген мағынаны бiлдiредi. Яғни, бағзы заманда Меккеден 20 шақырымдай жердегi Арафат жазығында жәннаттан түсiрiлген Адам ата және Хауа анамыз қайта табысып қауышқан. Бұл күнi қажылық рәсiмiнiң ең басты шарты, ең үлкен парызы қасиеттi орын Арафат жазығында тұрып, Аллаға дұға ету амалы атқарылады.
Биыл Құрбан айт мерекесi шiлде айының 31 жұлдызы деп белгiлендi. Жағдайы келген бай, әл-ауқатты адамдар құрбандығын шала бастайды. Құрбандық шалудың да белгiлi уақыты бар. Одан бұрын немесе кейiн құрбандық шалынбайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) мүбарак хадисiнде «Әлбетте бiз осы күнде ең алдымен бастайтын iсiмiз Құрбан айт намазын оқу одан кейiн құрбан шалу. Кiм осылай iстесе бiздiң сүннетiмiздi орындапты. Кiм құрбандығын одан бұрын алдын шалса ол өз отбасын жәй етпен қамтамасыз етiптi. Оның ғибадаты құрбандық болып саналмайды» деген.
Шариғатымыз бойынша айт намазы оқылатын жерлерде құрбандық айт намазын оқылғаннан кейiн құрбан шалу басталады. Өкiнiшке орай биыл әлемдi дүр сiлкiндiрген iндетке байланысты Құрбан айт намазы мешiттерiмiзде оқылмайтын болды. Егер де құрбан айт намазы оқылмаса құрбан шалуды қай уақыттан бастаймыз?-деген сұрақтар туындайды. Осындай сұрақтар қазiр көптiң де көңiлiнде жүр.
Шариғат кiтаптарында егер де бiр елде қатты суық, тасқын су немесе қатты қалың қар түсiп айт намазы оқылмай қалса онда құрбандық шамамен айт намазы оқылатын уақыт өткеннен кейiн басталады делiнген. Яғни күн шыққаннан шамамен бiр сағаттан кейiн құрбандық шалуға болады. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлiмi былай шешiм қабылдады. Биыл мешiттерiмiзде айт намазы оқылмауына байланысты құрбандық шалу рәсiмi 31 шiлде күнi күн шыққаннан бiр сағат кейiн басталып, тамыздың 2 жұлдызы күнi күн батқанға дейiн жалғасады. Сондықтан құрметтi жамағат, егер кiмнiң мүмкiндiгi болса құрбандығын 31 шiлде күнi бастайды, ал егер ол күнi уақыты болмай құрбандық шала алмаса 1-2 тамыз күндерi құрбандығын шалуына болады.
Құрбандыққа шалуға болатын малдар.
Тек қана қой, ешкi, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретiнде шалынатын қой және ешкi кем дегенде бiр жасар, сиыр екi жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жетi айлық кепе қозы бiр жасар қой сияқты семiз болса құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкiнiң еркегiн, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елiк, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретiнде сойылмайды.
Құрбандыққа шалынған малдың етiн үш бөлiкке бөлiп тарату мұстахап. Бiр бөлiгi туған-туыс, көршiлерiне бай болса да сыйға тартылады, екiншi бөлiгi кедей және мұқтаж адамдарға, үшiншi бөлiгi өзiнiң отбасына, бала-шағасына берiледi.
Алла Тағала Құран кәрiмде құрбанның етi туралы былай дейдi: «Құрбанның етiнен өздерiң жеңдер әрi мiскiндер мен кедейлерге жегiзiңдер». Алдағы келе жатқан Құрбан айт мерекесi баршамызға құтты, берекелi болсын. Алла разылығы үшiн шалған құрбандығымыз қабыл болсын.
А.Данияров, Шардара аудандық орталық мешiтiнiң бас имамы.