
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Балабиев Қайрат Рахымұлы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, Шардара ауданындағы бірқатар әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Іссапар барысында Мәжіліс депутатына Түркістан облыстық мәслихат депутаты, облыстық партия филиалының төрағасы Үмбеталиев Алтынсары Дүйсенбекұлы, Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы, облыстық мәслихат депутаты Серманизов Бақытжан Қыпшақбайұлы, аудандық партия филиалының төрағасы Бекет Ережеп Құдайбергенұлы, аудан прокуроры, аға әділет кеңесшісі Әлі Алмас, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Райымқұлов Болат Закарияұлы, сондай-ақ, жауапты мекеме басшылары, мердігер ұйым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Ауызсумен қамту – басты міндет
Жұмыс сапары аясында халық қалаулысы «Шардара ауданының Шардара топтық су құбырын салу» жобасының жүзеге асу барысымен танысты. Аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған бұл жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.
Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде мердігер мекеме ретінде «Алтын Констракшн» ЖШС анықталып, құрылыс жұмыстары басталған. Құрылыс барысына авторлық қадағалауды «МПК-Проект» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «Тұран Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда.
Бүгінгі таңда жоба аясында республикалық бюджеттен, Ұлттық қордан және арнайы есепшоттан 11,0 млрд теңге қаржы бөлініп, жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта D-560 мм болатын 13 шақырым SDR-17 полиэтилен су құбыры тартылып, 26 дана камералы құдық орнатылған. Сонымен қатар, 15 шақырым траншея қазылып, су құбырларын жалғау жұмыстары жүргізілуде.
Жобада қарастырылған 14 ұңғыма қазылып, тазалау-шаю жұмыстары атқарылуда. Тама құдығы аумағында жалпы сыйымдылығы 1000 м³ болатын екі су жинағыш резервуар, насос станциясы мен әкімшілік ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал, Шардара қаласы аумағында жалпы сыйымдылығы 10 000 м³ болатын су сақтағыш резервуарлардың бетон қабырғалары құйылып, насос станциясының қалау жұмыстары жалғасуда.
Жоба толық іске асқан жағдайда аудан тұрғындары тұрақты, әрі сапалы ауызсумен толық қамтылатын болады.
Әлеуметтік тұрғын үй – халық игілігі
Сапар барысында Мәжіліс депутаты Шардара қаласының 4-шағын ауданында салынып жатқан 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысы аяқталу сатысында.
Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 1747 адамды құрайды. Оның ішінде 1451 азамат – әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасылар. Үкіметтің 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында соңғы жылдары бірқатар пәтерлер сатып алынып, ал 2026 жылы 60 пәтерді табыстау жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда тұрғын үйдің шатыры жабылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталған, есік-терезелері орнатылған. Қазір жылыту жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылуда. Аталған тұрғын үйді 2026 жылдың сәуір-мамыр айларында әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасыларға табыстау жоспарлануда.

Өндірістік парк – экономикалық өсім кепілі
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Шардара қаласындағы өндірістік парк құрылысының барысымен танысты. Қала орталығындағы Түгелбаев көшесі бойында орналасқан, жалпы аумағы 2,0 гектарды құрайтын өндірістік парк құрылысы 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап жүргізілуде.
Жоба аясында 6 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Қазіргі таңда ғимараттардың іргетасы құйылып, металл каркастары орнатылған. Құрылыс алаңында 15 жұмысшы мен 2 арнайы техника еңбек етуде. Өндірістік парк аумағы электр энергиясы, ауыз су, кәріз жүйесі, табиғи газ және автомобиль жолымен толық қамтамасыз етілген.
Қазіргі уақытта аудан кәсіпкерлерімен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 6 кәсіпкер парк аумағында өз өндірістерін орналастыруға ниет білдірген. Олар жиһаз өндірісі, пеноблок шығару, үй қасбеттерін әрлеу және жылыту панельдерін өндіру бағыттарын жоспарлап отыр. Өндірістік парк құрылысы 2026 жылғы 1 сәуірге дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Жоба іске қосылған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, Шардара ауданының өндірістік әлеуеті арта түспек.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.




