
Өткен аптада ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса және «Ақ жол» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұржан Толқынұлы Шардара ауданына іссапармен келді.
Делегация алдымен Шардара су қоймасының жағдайымен танысты. Қазіргі таңда су қоймада 3 млрд 332 млн текше метр су жиналған, бұл жалпы сыйымдылықтың 64 пайызын құрайды. Судың келуі секундына 800 текше метр. Мамандардың айтуынша, бұл – қалыпты көрсеткіш.
Қазіргі уақытта Сырдария өзеніне Шардара ГЭС арқылы секундына 600 текше метр су жіберіліп жатыр. «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының мамандары су қорын жинау бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп отыр.
Шардара су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы Иса Ермек Смайлұлы нысан туралы мәлімет берді:
«Шардара су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Бөгеттің ұзындығы – 5,3 шақырым. Екі тоған бар: Шардара және Арнасай. Арнасай тоғанының көлемі – 2,2 млрд текше метр. Жалпы су қойманың сыйымдылығы – 5 млрд 200 млн текше метр. Шардара ГЭС-тен секундына 1 747 текше метр су тастауға, Қызылқұм каналына суармалау үшін 200 текше метр су өткізуге мүмкіндік бар. Арнасай тоғаны арқылы секундына 980 текше метр су жіберіледі», – деді ол.
Мамандардың айтуынша, былтыр су қоймадағы су көлемі ең төменгі деңгейге дейін түсіп, 226 млн текше метрді ғана құраған. Бұл көрсеткіш 12 тамыздағы мәлімет бойынша тіркеліп, Шардара тарихындағы ең төменгі деңгей болған. Ал, 2021 жылы су көлемі 652 млн текше метрге дейін азайған.
Биыл мамандар су көлемінің жақсы екенін айтып, су деңгейіне тұрақты түрде өлшеу, есептеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда бұл бөлімшеде 54 адам еңбек етеді.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса былтыр 1 млрд 800 млн текше метр судың Арнасайға жіберілуіне байланысты сұрақ қойды. Мамандар бұл шешімнің жоғары деңгейде қабылданғанын айтып, суару каналдарына су 10 наурыздан бастап жіберілетінін мәлімдеді.
Бұдан кейін делегация Шардара су электр станциясының жұмысымен танысты. Қазіргі таңда станцияда 4 қондырғы жұмыс істеп тұр. Олар секундына 600 текше метр суды қабылдап, электр энергиясын өндіруде. Жобалық қуат бойынша бұл көрсеткіш 800 текше метр.
Шардара ГЭС Шардара ауданына, Арыс қаласына, Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш аудандарына электр энергиясын жеткізеді. Мұндағы қызметкерлер тұрақты режимде жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, қазіргі су көлемі электр энергиясын өндіруге толық жеткілікті.
Мұнан соң Қазыбек Иса Шардарада салынып жатқан 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты.
Шардара ауданында 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталуға жақын. Бүгінде нысанның жалпы құрылыс жұмыстары 100 пайызға орындалып, қазіргі таңда ішкі әрлеу, кафель төсеу және таза (чистовой) жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, пәтерлерге есік тұтқалары орнатылып жатыр.
Аталған тұрғын үй болашақ шағын аудан аумағында орналасқан. Жоба бойынша мұнда екі бөлмелі 57 шаршы метрлік және үш бөлмелі 66 шаршы метрлік пәтерлер қарастырылған. Егер биыл қаржы бөлінсе, тұрғын үй сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға беріледі деп жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта нысанға газ құбыры тартылып, жылы және суық су желілері жүргізілуде.
— Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Қазір ішкі әрлеу мен соңғы жұмыстар атқарылуда. Инженерлік инфрақұрылым желілері қосылып жатыр, — дейді Шардара аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асанбай Мақашов.
Аталған қонақтар мұнан соң, Шардара қаласынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан «Тама-Тастанбек» таза су қорының құрылыс алаңымен танысты.
Жалпы аумағы 16 гектарды құрайтын нысан стратегиялық маңызға ие. Қазіргі таңда мұнда 14 ұңғымаға трубалар орнатылып, сорғы станциясының құрылысы жүріп жатыр. Ұңғымалар бір-бірінен 25 метр қашықтықта орналасқан. Су 185 метр тереңдіктен шығады. Жоба аясында екі 500 текше метрлік резервуар салынып, өрт қауіпсіздігіне қажетті су қоры қарастырылған.
Құрылыс жұмыстары басталғалы нысанда 180-ге жуық адам еңбек етуде. Құмды аумақ болғандықтан, техниканың қатынауы мен құрылыс материалдарын жеткізу қиындық тудырған. Соған қарамастан, бүгінде электр желісі тартылып, насостар орнатылатын ғимарат салынып жатыр. Сонымен қатар, техникалық персоналға арналған жатақхана да салынуда.
«Altyn Construction» компаниясының директоры Дулат Әлімсейіттің айтуынша, 14 ұңғымадан алынатын судың бір бөлігі арнайы қоймаға жиналып, қалғаны халыққа жіберіледі. Жалпы су қоры тәулігіне 1000 текше метрді құрайды.
Нысанда болған Қазыбек Иса судың сапасын жоғары бағалап, жобаның іске асуын көп жылғы еңбектің нәтижесі деп атап өтті.
— «Мұны нағыз құмның бұлағы деуге болады. Бұрын Парламентте де, Үкіметте де таза су мәселесін талай көтердік. Мына жобаның жүзеге асуы – соның нақты нәтижесі. Су өте таза, өте дәмді», – деді депутат.
Жоба толық іске қосылғанда, Шардара өңіріндегі ауызсу мәселесін шешуге елеулі үлес қоспақ.
Іссапар барысында Қ.Иса жаңадан салынып жатқан өндірістік парктің құрылысымен танысты.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бастамасымен Шардара қаласында, Түгелбаев көшесі бойында аумағы 2 гектарды құрайтын өндірістік парк бой көтеруде. Қазіргі таңда нысанның кіреберіс аркасы орнатылып, аумағы толық қоршалған. Сонымен қатар, жол, жарық, су және газ жүйелері тартылған. Алты ғимараттың іргетасы құйылып, металл қаңқалары тұрғызылған. Құрылыс жұмыстарын 1 сәуірге дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Аталған өндірістік паркте жалпы құны 530 млн теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, нәтижесінде 44 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мұнда жиһаз өндірісі, үй қасбеттерін әрлеу, пеноблок, жылыту панельдері және ағаш өңдеу цехтары жұмыс істейтін болады.
Жоба “ЖК Бекарыс” тарапынан жүзеге асырылуда. Жоба иесі — “Ақ жол” партиясының өкілі, Шардара аудандық мәслихат депутаты Бекарыс Базаров.
«Өскен өңір» – ақпарат.




