Жаңа жыл қарсаңында «Ақалтын» жалпы білім беретін мектебінде ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай қызмет атқарған орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сахова Светлана Ақылбекқызын құрметті зейнетке шығарып салу салтанатты түрде өтті. Бұл – бір ұстаздың ғана емес, тұтас бір ұжымның, талай шәкірттің жүрегінде өшпес із қалдырған еңбек жолына көрсетілген үлкен құрмет.

Светлана Ақылбекқызы – саналы ғұмырын білім саласына арнап, бірнеше буын оқушыға терең білім мен өнегелі тәрбие берген, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, шәкірт жүрегінен жол тапқан тәжірибелі ұстаз. Оның әр сабағы мазмұнды, талапшыл әрі тәрбиелік мәнге толы болып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Салтанатты жиында мектеп директоры Әсемкүл Төреханова сөз сөйлеп, ұстаздың көп жылғы еңбегін ерекше атап өтті. Светлана Ақылбекқызының мектеп өміріндегі орны бөлек екенін, әрдайым ізденісте жүретін, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, үлгі бола білген нағыз ұстаз екенін айтып өтті. Ардақты ұстазға шынайы алғысын білдіріп, Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Ұлбала Жүзенова, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қанат Тұраев ардагер ұстаздың дара жолы туралы айта отырып, алдағы еңбек демалысына сәттілік тіледі. Светлана Ақылбекқызымен қатар еңбек етіп келе жатқан әріптестері қимастық сезімдерін білдіріп, жүрек жарды тілектерін арнады. Әрбір айтылған лебізден ұстазға деген зор құрмет пен ризашылық айқын сезілді.

Іс-шара барысында әсерлі әрі жүрек тебірентер сәттер де аз болған жоқ. Ұстаздың немересі Мырзаұлықбек Нұрайым орындаған «Менің әжем» әні залда отырған барша қауымды толқытты. Немерелерінің таза жүректен шыққан өнері кешке ерекше жылулық пен мейірім сыйлап, әже еңбегінің отбасындағы тәрбиемен ұштасқанын айқын көрсетті.

Кеш көркін аша түскен әсерлі сәттердің бірі – орыс тілі пәнінің мұғалімі Қасымова Лайланың орындауындағы «Ұстазым» әні болды. Бұл ән ұстаз еңбегінің биіктігін, шәкірт жүрегіндегі ұстаз бейнесінің мәңгі сақталатынын тағы бір мәрте дәлелдегендей әсер қалдырды.

Салтанатты кеш барысында Светлана Ақылбекқызына ақжарма тілектер арналып, өмірінің жаңа белесіне қадам басқан ардақты ұстазға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт, немере-шөбересінің қызығын көру тіленді. Ұжым тарапынан ұстаз еңбегінің ешқашан ұмытылмайтыны, оның өнегелі жолы кейінгі жас мамандарға әрдайым үлгі болатыны атап өтілді.

«Ақалтын» жалпы білім беретін мектебінің ұжымы Сахова Светлана Ақылбекқызын абыройлы еңбек жолының аяқталуымен шын жүректен құттықтай отырып, ұстаздық жолда сіңірген еңбегі үшін зор алғыс білдіреді. Ұлағатты ұстаздың есімі мектеп тарихында, шәкірттер жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз. 

Сұлушаш Бейсенова,

«Ақалтын» ЖББМ орыс тілі мен әдебиеті

пәні мұғалімі.