Кешегі аптада Шардара ауданы әкімдігінің ғимаратында аудан прокурорының бастамасымен «Қоғаммен бірге бол» жобасы аясында аудан тұрғындары және қоғам белсенділерімен кезекті кездесу өтті.

Іс-шараға Шардара ауданының прокуроры Алмас Әлі Ермекұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық полиция бөлімінің бастығы мен полиция қызметкерлері, қала және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, мекеме жетекшілері, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Каратунов жүргізді. Жиын барысында тұрғындар тарапынан жергілікті өкілдің және атқарушы органдардың қызметіне қатысты бірқатар сұрақтар мен ұсыныстар көтерілді. Атап айтқанда, білім беру саласы, ауыл шаруашылығы (егін шаруашылығы мен каналдар), тұрғын үй мәселелері, кәріз жүйесі, қала және көше жарықтандыруы, заңсыз жер егу, сондай-ақ, ойынханалардың түнгі уақытта жұмыс істеуі мәселелері қозғалды.

Аудан прокуроры азаматтардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, әрбір мәселе бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Аталған мәселелерді шешу мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілетіні атап өтілді.

«Өскен өңір» – ақпарат.