Қазақта: «Ауылына қарап азаматын таны» деген тамаша тәмсіл бар. Құдайға шүкір, біздің ауыл осы өңірдегі ең көне, байырғы ауылдың бірі. «Ауыл бол да, қауым бол» демекші, ауыл тұрғындары да ынтымақты ту еткен жандар. Жалпы Көксу елді мекенінде тоғыз мыңға жуық тұрғын бар.

Қазіргі таңда Көксу ауылында көптеген шаруалар қолға алынған. Бұл жұмыстардың басы-қасында ауыл әкімі Қошқарбаев Бақтыбай бастаған ауыл әкімдігі тұр.

Ауыл орталығындағы екі-үш көшеден басқасы толық жөнделген. Кәсіпкерлік орталығы салынып, толық бітуге айналды. Шалғай елді мекен тұрғындары да табиғи газды тұтынып отыр. Қоқыс шығару мәселесі толық шешілген. Атқарылатын жұмыстар да жоспарға сәйкес өз уақытында іске асып жатыр.

Біздің ауыл аудан орталығынан 40 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Ауыл тұрғындары Шардараға түрлі жұмыстармен барып тұратыны ақиқат. Ал, автокөлік біреуде бар, біреуде жоқ дегендей. Ауыл әкімі ең өзекті мәселе – ауылдан Шардараға қатынайтын көлікті жақсы ұйымдастырған. Ол көлік екі ортаға күніне 3 рет қатынайды. Жол ақысы 250 теңге. Бұл қарапайым халыққа көп жәрдем. Жүргізушісі Рысалиев Төребай Бүркітбайұлы өте тиянақты, жауапкершілігі жоғары азамат.

Біз тұрғындар атынан ауыл әкімшілігіне алғыс айтамыз. Сонымен бірге көпшіліктің атынан айтар ұсынысымыз – жол жүру кестесін өзгертіп,  алдағы кездері тағы да бір тасымал көлігі қойылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ауылымызды көркейтуге барлығымыз ат салысайық, ағайын!

Досбол Асылбеков,  ауыл тұрғыны.