Қандай да бір болмасын мемлекеттің қалыпты өмір сүруінің маңызды және міндетті элементтерінің бірі – қоғамдық тәртіп болып табылады. Бұл элементтің тұрақтылығын қалыптастырмай мемлекеттің, қоғамның тыныс-тіршілігін елестету мүмкін емес.

Сондықтан, қоғамдағы шиеленісті болдырмау, азаматтардың бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында қоғамдық тәртіпті бұзушылықпен күресуге бағытталған полиция қызметі жұмыс жасайды.

Апта барысында сол қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында тиісті жұмыстар атқарып, ел тыныштығын сақтауда қызмет жасап жүрген аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Нұрсұлтан Елшібаев 2025 жылы атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков, аудандық мәслихат төрағасы Б.Мүтәлиев, еңбек ардагерлері, ауыл әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, полиция қызметкерлері қатысты.

Жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Н.Елшібаев 2025 жылы атқарылған жұмыстар жайлы есепті хабарлама жасады.

Полиция бастығының хабарлауынша аудан көлемінде 2025 жылы тіркелген қылмыстар 2024 жылмен салыстырғанда 174-тен 130-ға яғни, 25,3%-ға төмендепті. Осы уақыт аралығында 9 қылмыстық іс ашылмаған. Ашылмаған қылмыстардың дені интернет алаяқтыққа байланысты екен.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша 2025 жылы барлығы 11 дерек анықталған.

Тергеу саласы бойынша сотқа жолданған істер былтырғы жылмен салыстырғанда 4 іске азайған.

Анықтау саласы бойынша 2024 жылдың осы мерзімінен салыстырғанда өндірісте болған істер 8,8%-ға, яғни, 21 іске азайыпты.

Қоғамдық қауіпсіздік қызметі саласы бойынша айтар болсақ, аудан көлемінде жалпы 10 ауылдық округ және 8 елді мекен орналасқан. Бөлім бойынша 8 учаскелік полиция пункттері бар, онда 32 учаскелік полиция инспекторлары қызмет атқарады. Сонымен қатар 7 ювеналдық полиция тобының инспекторлары, 3 табиғатты қорғау тобының инспекторы және 3 зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері жұмыс атқарады.

Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 1-ден 2-ге, 1 дерекке өсіп отыр. Ал кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар 9-дан 10-ға өскен.

2025 жылы 64 жол-көлік оқиғасы орын алған.  4 адам қайтыс болған.

Көші-қон қызмет саласы бойынша 2025 жылы аудан аумағына 1105 шетел азаматы уақытша тіркелген. ҚР төлқұжатымен 8725 азамат құжаттаныпты. 

Полиция бөлімінің бастығы мұнан өзге де жұмыстарға кеңінен тоқталды.

«ҚР Ішкі істер министрлігі мен Департамент тарапынан берілген әрбір нұсқаулар мен тапсырмаларға сәйкес, 2026 жылдың басынан бастап аудан аумағында қылмыстарды болдырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен бірлесе отырып, барлық күш-жігерімізді салып орындайтынымызға сенім білдіремін» – дейді полиция бөлімінің бастығы Н.Елшібаев.

Мұнан соң аудан тұрғындары өздерін мазалап жүрген сауалдарын жолдап, сұрақтарына қанағаттанарлық дәрежеде жауап алды. 

А.Әбубәкіров.