Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активі, аудандық мәслихат депутаттары, аудан ардагерлері және AMANAT партиясының мүшелері қатысқан кездесу өтті. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Б. Төребеков жүргізді.

Жиында AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Жантөреева Қалима Жантөреқызы Шардара ауданының AMANAT партиясының атқарушы хатшысы болып тағайындалған Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлын таныстырды.

Бауыржан Қуанышбайұлы 1965 жылғы 7 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 1987 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын құрылыс саласында бастап, кейін кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметте жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Жастар ісі, туризм, спорт және ішкі саясат бағыттарында басшылық қызметтерде болып, Шардара ауданының дамуына елеулі үлес қосты. Әр жылдары Шардара ауданы әкімінің орынбасары, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, сондай-ақ, Түркістан облысы Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Соңғы уақытта Шардара ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымында еңбек етті.

Қалима Жантөреқызы Бауыржан Қуанышбайұлының мол тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті жаңа қызметінде де ел игілігіне бағытталатынына сенім білдірді.

Өз тілшімізден.