
Қазіргі таңда өмір үнемі өзгеріп, қоғам үздіксіз дамып отырған шақта ақыл-ойы озық, білімі мен біліктілігі жоғары, ұлттық рухы күшті жастарды тәрбиелеу қажеттілігі күн озған сайын артып отыр.
Халқымыздың өткен тарихына көз жіберсек, ерекше ізгі қасиеттермен қатар Отансүйгіштіктің де керемет үлгілерін көреміз. Бүгінгі күні егеменді ел болып, қазақ деген ұлт болып отыруымыздың өзі ата-бабаларымыздың теңдесі жоқ ерлігінің арқасы. Отансүйгіштік сезімді, білім мен біліктілікті, дағды мен шеберлікті, адамгершілік қадір-қасиеттерді қалыптастыру үлкен қажеттілік. Қай кезеңде, қай қоғамда болмасын жеке тұлғаның орнықты қалыптасуына барлығымыз жауаптымыз.
Жуырда ауданымыздағы бірден-бір кәсіптік білім беретін №16 колледжде еңбек, спорт және өнер саласында табысты еңбек етіп жүрген азаматтар мен ардагерлердің өмірлік және кәсіби тәжірибесін студенттерге үлгі ету, жастардың еңбекке, шығармашылыққа және салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттыру мақсатында кездесу кеші болып өтті.
Мәнді де, мазмұнды кездесуге колледжді сенімді басқаруға алған «Хамит» ауыл шаруашылығ өндірістік кооперативінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов, еңбек ардагері, «Майқала» шағынауданының ауыл биі Таңсықбай Сахов, белгілі кәсіпкер, «Пернебай и К» фермерлік қожалығының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Қабыланбек Жұмабек, даңқты шабандоз, көкпар спортының ардагері Ерғали Сүлеев, еңбек ардагері, жеке кәсіпкер «Балта» фермерлік қожалығының төрағасы Бекет Шыныбеков, жыршы-термеші, аудандық мәдениет сарайының жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Сәкен Бекманов, жыршы-термеші, аудандық мәдениет сарайының қызметкері Қанат Дауылбаевтар арнайы қонақ болып қатысты.
Жиында сөз алған қонақтар жастарға өздерінің өміржолдары туралы әсерлі әңгімелер шертті. Сонымен қатар, еңбектің адам өмірінде алар орны туралы ойларын ортаға салып, еркін пікір алмасты. Қонақтар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, тәрбие туралы кең көлемде әңгімелесті.

«Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – ұрпақ тәрбиесі. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Қасиетті Отанымызды, елімізді, жерімізді, сеніп тапсыратын, салт-дәстүріміз бен дінімізді, тілімізді келер ұрпаққа одан әрі жеткізеді деп сенім артамыз, ата-бабаларымыздың күресімен жеткен ұлы істерді жалғастырса екен дейміз. Халқымыз балаға жөргегінен бастап, ер жеткенге дейін ұлттық ізгілікті, имандылық пен мейірімділік сияқты рухани қасиеттерді жеткізіп отырған. Қай заманда болса да, әр халықтың ұрпағы үлгі тұтар ұлттық салт-дәстүрі, тәрбиесі болуы керек» – дейді облыстық мәслихат депутаты Б.Серманизов.
Әрбір адам бала кезінен «Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын» деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей жағдай жасауымыз керек. Патриотизм – бұл Отанын сүю, сол елдегі халықты сүю, соның дәстүрлерін, сенімін құрметтеу. Бұл еліңнің мәдени құндылықтарын танып білуден басталады.
Жиын барысында байқағанымыз – студенттердің еңбекке, спортқа және өнерге деген қызығушылығы артып, алдарына өмірлік мақсат қоюға және кәсіби бағыт таңдауға мотивация алды.
Өз тілшімізден.




