
Таяуда аудан әкімі Арман Қарсыбаев аудандағы абаттандыру және инфрақұрылымдық жобалардың жай-күйін бақылап шықты.
Аудан әкімінің сапары ауданға кіреберістен басталды. Аудан басшысы кіреберістегі баннерлерді жаңарту, аумақты абаттандыру жұмыстарын жүйелеу, ескерткіш мүсіндерді сырлау, «Аялы алақан» формасындағы көгалдандыру аймағын ақтау және қосымша ағаш көшеттерін отырғызу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Бұдан кейін Арман Романұлы ағымдағы жылы жөндеуден өткізілетін көшелердің бүгінгі жағдайымен танысты. Жалпы, 2026 жылы қала аумағында 11 көше орташа жөндеуден өтеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу шаралары аяқталып, "Prof-Facade”, “ЖолСуҚұрылыс" ЖШС-лары мердігер мекемелер болып анықталған.
Аудан әкімі жауапты сала мамандарына жол жөндеу жұмыстарын ауа райының қолайлығына қарай көктем мезгілінде бастауды және сапалы, әрі мерзімінде атқарылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қала келбетін жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Мұнан соң, аудан әкімі Шардара қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады.
Алдымен Тама су құбырының 14-ші пикетінде орналасқан резервуар және насос станциясының құрылысы таныстырылды. Мердігер мекеме «Алтын Констрашн» ЖШС өкілі нысандағы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Қаладағы екі су резервуарының құрылысы аяқталу кезеңінде. Қазаншұңқыр қазу, төсеніш бетон құю, табаны мен қабырғаларын бетондау жұмыстары толық аяқталған. Гидрооқшаулау жүргізіліп, ішкі стяжка құйылған, жабын плиталары орнатылған. Қазіргі таңда дренаждық құдық орнатылуда.


Насос станциясының іргетасы толық құйылып, кірпіш қалау, гидрооқшаулау және кері көму жұмыстары орындалған. Парапет жасау және керамзит төсеу жұмыстары жалғасуда.
КПП ғимаратының іргетасы құйылып, қабырғалары қаланып, жабын плитасы орнатылған. Қазіргі уақытта сылақ жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, сарқынды су шұңқырының бетондау жұмыстары аяқталып, қоршау орнату жұмыстары атқарылуда.
Жалпы құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Бұдан кейін аудан басшысы Шардара магистралды каналының «Қазкрахмал» ЖШС жүгері зауыты тұсындағы бөлігіне геомембрана (пленка) төсеу жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, «Қазкрахмал» ЖШС-ға баратын жолды абаттандыру жұмыстары да назарға алынды.
Аудан әкімі Арман Романұлы жауапты сала мамандарына құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.





