Кешегі аптада аудандық деңгейде алдағы референдумға дайындық бойынша коалиция құрылғанын хабарлаған болатынбыз. Аталған коалиция мүшелері содан бері аудан деңгейінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді бастап кетті. Осы мақсатта аудандық коалиция мүшелері аудан тұрғындарымен кездесулер ұйымдастыруда.

Кездесулердің негізгі мақсаты – жаңартылған Конституция жобасының негізгі қағидаларын түсіндіру, оның ел дамуы мен азаматтардың өмір сапасын арттырудағы маңызын жеткізу, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту болды.

Кездесулер барысында тұрғындарға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының басты бағыттары таныстырылып, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық саладағы негізгі өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және жастар саясаты бағыттарындағы жаңашылдықтарға ерекше назар аударылды.

Кездесулер барысында сөз сөйлеген аудандық коалиция төрағасы, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының Атқарушы хатшысы  Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы референдумның ел болашағы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Ол жаңа өзгерістердің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, әділетті қоғам қалыптастыру және азаматтардың құқықтарын қорғау екенін жеткізді.

Аудандық мәслихат төрағасы, коалиция мүшесі Мүталиев Бұлтбай Лесбекұлы өз сөзінде жергілікті өкілді органдардың рөлі артып отырғанын атап өтіп, тұрғындармен кері байланысты нығайту басты міндеттердің бірі екенін айтты.

Түркістан облыстық мәслихат депутаты, «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі басқармасының төрағасы Серманизов Бақытжан Қыпшақбайұлы ауыл шаруашылығы саласын дамыту, аграрлық секторды қолдау және ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағыттарына тоқталды.

Шардара аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы, коалиция мүшесі Мұсабеков Мейіржан Пердебек-ұлы жастардың қоғам өміріне белсенді қатысуы, құқықтық сауаттылықты арттыру және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар туралы айтты.

Шардара аудандық сот орындаушысы, партия жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы, коалиция мүшесі Кеңесбаева Айлин Мұхтарқызы азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталды.

Аудандық коалиция мүшесі, Шардара аудандық «Қамқорлық» орталығының басшысы Әділхан Исатай Бұхарбайұлы әлеуметтік саладағы жобалар мен халықты қолдау шаралары туралы баяндады.

Шардара аудандық «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы заңгері, коалиция мүшесі – Нұрбеков Марат Сламұлы тұрғындарға құқықтық көмек көрсету, әлеуметтік қолдау шаралары және заңгерлік кеңестердің маңызы туралы айтты.

Кездесулер барысында тұрғындар өз сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Коалиция мүшелері алдағы уақытта да халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, тұрғындарға нақты әрі шынайы ақпарат жеткізу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

 «Өскен өңір» – ақпарат.