
Ауданымызда спорт саласы қарқынды дамып келеді. Шардаралықтардың брендіне айналған қол күресінен бөлек, спорттың өзге салаларында да, зор жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Қазіргі уақытта Тараз қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Аталған байрақты бәсекеге біздің спортшымыз да қатысып, бақ сынаған. Бағы мен бабы қатар жанған жерлестеріміз дүбірлі додада тамаша нәтиже көрсетті.
Атап айтсақ, Осман Айтуған 57 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанды! Тағы бір балғын балуанымыз Пахитжан Нұрислам 44 кг салмақ дәрежесінде қол жүлдегер атанды. Екі бірдей жүлдегерді байрақты бәсекеге дайындаған жаттықтырушылары Ерман Дүйсебаев екендігін де атап өткеніміз жөн болар.
Жас спортшыларды шын жүректен құттықтаймыз! Осман осы бетінен танбаса алдағы уақыттары Олимпиада ойындарында төбе көрсетіп қалары сөзсіз. Лайым, сондай қуанышты сәтіміз көп болғай!
«Өскен өңір» – ақпарат.




