Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 17 наурызда өткен брифингте Конституциялық реформа бойынша республикалық референдумның дауыс беру нәтижелерін жариялады.

Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, референдумдағы дауыс беру нәтижелері аумақтық референдум комиссиялары ұсынған хаттамалар негізінде Орталық референдум комиссиясымен айқындалған. Дауыс беру еліміздің барлық өңірлерінде және шетелде орналасқан 10 388 референдум учаскесінде өткенін еске салды.

«Облыстық комиссиялардан, сондай-ақ, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының комиссияларынан келіп түскен деректер негізінде, Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумның дауыс беру бойынша қорытынды нәтижелерін белгіледі. Дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы саны 12 482 613 адамды құрады. Референдумға 9 127 192 адам немесе дауыс беру құқығы бар азаматтардың 73,12%-ы қатысты. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау туралы референдумға шығарылған мәселені қолдап, дауыс берген азаматтардың саны 7 954 667 адамды немесе дауыс беруге қатысқандардың 87,15%-ын құрады», – дейді Нұрлан Әбдіров.

15 наурыз күні өткен референдумға шардаралықтар да өте белсенді қатысты. Референдумға дейінгі дайындық шаралары қатаң пысықталды. Дауыс беру күні барлық референдум учаскелері уаытылы ашылып, кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істеді.

Аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев Шардара қаласындағы М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп ғимаратында орналасқан №850 референдум учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.

Барлық референдум учаскелерінде алғашқы дауыс берушілерге, бірінші рет дауыс беруге келген жастарға, ең қарт дауыс берушіге, сонымен қатар, аса белсенділік танытқан дауыс берушілерге сый-сияпаттар табыс етілді.

Референдумға байланысты Шардара қаласында қоғамдық көліктер тегін қатынады. Бұл шара тұрғындардың маңызды саяси науқанға қатысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылды.

Ата Заңға байланысты өткен республикалық референдум соңғы жылдардағы ең жоғары қатысу көрсеткішін көрсетті.

Маңғыстау облысында референдум күні Атазаң есімді сәби дүниеге келді. Ақтауда дүниеге келген ұл балаға ата-анасы осындай ерекше есім берді. Олар бұл есімді Конституцияға құрметтің белгісі ретінде таңдағандарын айтады.

Қазақстанда Конституция есімі берілген 1 адам тұрады.

Сондай-ақ, Атазаң, Заң және Дауыс есімді азаматтар да бар. Ең көп таралғаны сайлауға байланысты аттар. Сайлау есімі 2003 адамға қойылса, олардың жартысына жуығы – 50 жастан асқандар. Бұл азаматтардың көпшілігі (166 адам) Астанада тұрады. Сондай-ақ, әйелдер арасында Сайлаугүл есімді 24 адам болса, Сайлаубек  есімін   1 197 адам иеленген.

Сонымен, елімізде Референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституция қабылданды деп танылды.

Жаңадан қабылданған Конституция 1 шілдеде күшіне енеді. Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық.

«Өскен өңір» – ақпарат.