

Наурыз мейрамында Сүткент ауылында жаңадан салынған спорт залы ел игілігіне беріліп, нысанның ашылу салтанаты өтті. Бұл игі шара ауыл тұрғындарына ерекше қуаныш сыйлады.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады. Сонымен қатар, бұл нысанның ауыл тұрғындары үшін рухани жаңғырудың алтын ордасына айналатынын ерекше атап өтті.
Жаңа спорт залы бір мезетте 60 балаға дейін қабылдай алады. Мұнда жаттықтырушылар бөлмесі, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері, сондай-ақ, заманауи жабдықталған күрес залы қарастырылған.
Салтанатты сәтте аудан әкімі спорт залына заманауи түрлі-түсті теледидар сыйға тартып, ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа Алғыс хаттар табыстады.
Бұл игі іс аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың қолдауымен жүзеге асып, аудандық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, жаңа спорт кешені іске қосылды.
Спорт кешенінің ашылуы – тек бір нысанның іске қосылуы ғана емес, бұл – болашақ чемпиондарға жол ашатын, салауатты өмір салтын қалыптастыратын маңызды қадам.
Осы орайда, елжанды азаматтарға айрықша алғысымызды білдіреміз. Елдің болашағын ойлап, ауыл балаларына жағдай жасап отырған азаматтардың еңбегі зор құрметке лайық.
Бұл – ұлт болашағына салынған үлкен инвестиция, ел ертеңіне жасалған шынайы жанашырлықтың көрінісі.
Өз тілшімізден.




