

22 наурыз күні Көксу ауылдық округінде Ұлыстың ұлы күні кең көлемде және жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл күн ауыл тұрғындары үшін ерекше қуанышқа толы болды. Себебі, дәл осы мерекелі күні ауылда жаңа Мәдениет орталығы ашылып, оның ішінен «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалына қарасты «Көксу» бастауыш партия ұйымының арнайы бөлмесі пайдалануға берілді.
Аталған бөлменің кілтін аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы табыстап, бұл орын алдағы уақытта халықтың талап-тілегін тыңдап, өзекті мәселелерін шешуге арналған маңызды алаң болатынын атап өтті.
Мерекелік іс-шараға Шардара аудан әкімі А.Қарсыбаев, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының атқарушы хатшысы Б.Шомпиев, арнайы қонақтар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Көктемнің шуақты мерекесінде ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, ақ дастарқан жайылып, көпшілікке наурыз көже ұсынылды. Мерекеге жиналған қауым ұлттық ойындарға белсене қатысып, өнерпаздардың әсем әні мен биін тамашалап, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
Сонымен қатар, ауыл әкімі Б.Қошқарбаевтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл тағылымды іс-шара жоғары деңгейде өтті. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын жеткізді.
Наурыз – бірлік пен берекенің, жаңару мен жаңғырудың мерекесі. Осындай игі бастамалар ел ішіндегі татулықты нығайтып, ұлттық болмысымызды ұлықтауға жол ашады. Әсіресе, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, салт-дәстүрге деген құрметін арттырады. Сондай-ақ, жастардың спортқа, өнерге және қоғамдық белсенділікке деген қызығушылығын оятады.
Ұлттық құндылықтарды бой-ына сіңірген білімді де тәрбиелі ұрпақ – ел болашағының жарқын кепілі.
«Өскен өңір» – ақпарат.




