

Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен салтанатты рәсімде ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды. Солардың қатарында аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев жоғары мемлекеттік награда – «Парасат» орденімен марапатталды.
Бұл марапат – оның мемлекеттік қызметтегі қажырлы еңбегі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және халық игілігі жолындағы жүйелі жұмыстарының айқын нәтижесі.
Бұл – тек аудан әкіміне көрсетілген құрмет қана емес, бүкіл Шардара жұртшылығының ортақ қуанышы.
Сонымен бірге, осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі ақын Қазыбек Иса III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Бұл – ақын ағамыздың ел дамуына, ұлттық руханият пен мемлекеттік қызметке қосқан сүбелі үлесінің жоғары бағалануы.
Шардара өңірінің тумасы, жерлесіміздің мұндай биік марапатқа ие болуы – барша аудан жұртшылығы үшін үлкен мақтаныш. Ақын ағамызды шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс пен ел игілігі жолындағы еңбегіне толағай жетістіктер тілейміз!
Жерлесіміздің мерейі үстем болсын!
«Өскен өңір» – ақпарат.




