Түркістан облысында аса маңызды жоба басталды. Жаңадан 100 шақырымнан астам 4 жолақты айналма жол салынып, өңірдің оңтүстік бөлігіндегі көлік кептелісі мәселесі шешіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістан облысында Сарыағаш қаласының айналма жолының құрылысы басталды.

Жолдың жалпы ұзындығы – 102,6 км. 2029 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.

Қазіргі таңда жолға түсетін жүктеме өте жоғары: тәулігіне 3 000 автокөліктен 18-20 мыңға дейін көлік өтеді.

Жаңа жобада – 4 жолақты қозғалыс, тәулігіне 13,5 мың автокөліктің өтуі, 8 жол айрығы, 22 көпір, 26 аялдама қарастырылған.

Бұл жолдың салынуы шардаралықтар үшін де өте пайдалы болмақ. Өйткені, жерлестеріміздің дені Сарыағаш, Қазығұрт аудандары мен Шымкент қаласына осы бағытпен баратындығы анық. Кептелістің кесірінен Абай, Сарыағаш аудандарынан өтемін дегенше бір сағат, кейде екі сағат уақыт кетеді.

Осынау жолдың салынуы нәтижесінде кептелістер азаяды, жол қауіпсіздігі артады, өңірдің логистикалық әлеуеті күшейеді.

«Өскен өңір» – ақпарат.