
Кеше Шардара қаласындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде «Мектеп – ата-ана – заң» тақырыбында бала тәрбиесіне байланысты маңызды форум өтті.
Форумға «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Б.Шомпиев, аудандық прокуратураның прокуроры С.Дартаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері, партия жанындағы «Әйелдер қанатының» мүшесі Г.Шамиева, мектеп мұғалімдері мен ата-аналар қатысты.
Форум барысында Б.Шомпиев қоғамдағы тәрбие мәселесінің өзектілігіне тоқталып, мектеп пен ата-ана арасындағы тығыз байланыс – сапалы білім мен саналы ұрпақ қалыптастырудың негізгі тетігі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қағидаларын нығайту қажеттігін жеткізді.
Аудандық прокуратураның прокуроры С.Дартаев жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері, құқықбұзушылықтың алдын алу және заң алдындағы жауапкершілік мәселелері бойынша жан-жақты түсіндірме берді.
Әрбір баланың қауіпсіз білім алуға, өз ойын еркін білдіруге және құқықтық қорғалуға құқығы бар екені атап өтілді.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері, партия жанындағы «Әйелдер қанатының» мүшесі Г.Шамиева отбасы – тәрбиенің алтын ұясы екенін атап өтіп, ата-ананың бала өміріндегі рөлінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Балаға дұрыс тәрбие беру және мектеппен тығыз байланыс орнату – әрбір ата-ананың басты міндеті екені айтылды.

Форумда мұғалім мәртебесі мен ұстазға деген құрмет мәселесі де кеңінен қозғалды. Ұстазды сыйлау – білімге деген құрметтің белгісі, ал тәртіп пен мәдениеттілік – жарқын болашақтың кепілі екені ерекше атап өтілді. Ата-аналардың құқықтары мен міндеттері, балалардың тәрбиесі, олардың психологиялық және құқықтық қорғалуы туралы жан-жақты пікірлер айтылды.
Сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, зиянды әдеттердің алдын алу, интернет қауіпсіздігі мәселелері де назардан тыс қалмады.
Форум барысында ата-аналармен еркін пікір алмасу өтіп, қойылған сұрақтарға заң аясында нақты жауаптар берілді.
Бұл жиын ата-ана, мектеп және қоғам арасындағы байланысты нығайтып, саналы әрі тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу жолында маңызды алаңға айналды.
Өз тілшімізден.




