Кешегі аптада Шардара ауданында тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған екі жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аудан орталығында әлеуметтік дүкен мен қайырымдылық қоймасы, сондай-ақ Орталық базар аумағында орналасқан екі қабатты кәсіпкерлік ғимараты пайдалануға берілді.

Әлеуметтік дүкен жобасы «Ынтымақ жолы» қоғамдық қорының төрағасы Әзімхан Әріпхановтың бастамасымен жүзеге асырылды. Жобаны Шардара ауданында іске асыру мақсатында қор төрағасы Несібелі Нұралиевамен ортақ келісімге келіп, әлеуметтік дүкенді қажетті киім-кешекпен және тұрмыстық бұйымдармен қамтамасыз етіп, аудан тұрғындарын қайырымдылық шарасына белсенді қатысуға шақырды.

Әлеуметтік дүкен мен қайырымдылық қоймасы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға тегін киім-кешек пен тұрмысқа қажетті заттарды ұсынуға арналған. Сонымен қатар тұрғындар өздеріне қажет болмай қалған, бірақ пайдалануға жарамды заттарын арнайы қоймаға өткізу арқылы қайырымдылық жасауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ осы күні Шардара қаласындағы Орталық базар аумағында жеке кәсіпкер Күлбай Танзура Жақыпқызының қаржысына салынған екі қабатты жаңа кәсіпкерлік ғимараттың ашылу рәсімі өтті. Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысанда сауда және қызмет көрсету салаларына арналған бірнеше кәсіпкерлік орын қарастырылған.

Жаңа кәсіпкерлік нысанның іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының дамуына және халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына оң ықпал етеді.

Салтанатты рәсімдерге аудан әкімінің орынбасарлары Бейсенбай Төребеков пен Еркебұлан Каратунов, Шардара қаласының әкімі Досбол Жұмаділлаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Әбдіразахов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер және аудан тұрғындары қатысты.

Сондай-ақ әлеуметтік жобаның жүзеге асуына және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың Алғыс хаты табысталды.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Шардара қаласының әкімі Д.Жұмаділлаев жаңа әлеуметтік жобаның жүзеге асуына үлес қосқан Н.Нұралиеваны әлеуметтік дүкеннің ашылуымен құттықтап, өз атынан Алғыс хат беріп, құрмет көрсетті.

Жаңа нысандардың ашылуы – өңірде әлеуметтік қолдау мен кәсіпкерлікті қатар дамытуға бағытталған игі бастамалардың нақты көрінісі.

«Өскен өңір» – ақпарат.