
Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту жөніндегі тапсырмалары аясында аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының төрағалығымен, аудан прокуроры Әлі Алмас Ермекұлының қатысуымен Шардара су қоймасы жағалауындағы демалыс орындарының санитарлық тазалығы, абаттандырылуы және шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелері бойынша мәжіліс өтті.
Аталған мәжіліске Шардара қаласының әкімі, аудан әкімдігінің дербес бөлім басшылары, төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық полиция бөлімі, «Қазсушар» РМК Шардара аудандық бөлімшесінің өкілдері және тиісті мекеме басшылары қатысты.
Жиында су қоймасы жағалауындағы демалыс орындарының қазіргі жағдайы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу, жағалау аумағын санитарлық талаптарға сай ұстау, заңсыз демалыс орындарының жұмысын реттеу және келушілерге қолайлы жағдай жасау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Мәжіліс барысында су қоймасы жағалауында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жауапты мекеме басшылары мен демалыс орындарының иелері есеп берді. Атап айтқанда, Е.Мүсаев, Д.Тоқшабаев, Д.Жұмәділлаев, Е.Иса, Қ.Сатыбалдиев және басқа да жауапты тұлғалар демалыс орындарының тазалығы, қауіпсіздік талаптарының орындалуы, құтқару құралдарымен қамтамасыз етілуі және келушілерге көрсетілетін қызмет сапасы жөнінде баяндама жасады.

Аудан әкімі Арман Роман-ұлы жауапты басшыларға суға шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды, жағалау аумақтарын тұрақты түрде таза ұстауды, демалушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және тұрғындар мен қонақтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, аудан прокуроры Алмас Әлі заң талаптарының сақталуына, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және белгіленген талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы аудан әкімдігінің бақылауына алынатын болды.
"Өскен өңір" – ақпарат.




