Мен қарапайым
қарттарды сүйем,
Не деген керiм едi,
Не бiледi осы жұрт,
не бiледi?
Бабалардың баласы
қариялар,
Сиреп бара
жатқандай көрiнедi.
Сақалыңнан
айналдым,
қарт бабалар,
Қанекей, нелерiң бар
салтқа жарар?
О, тiрi шежiрелер,
қалдырыңдар,
Қанекей, нелерiң бар, нелерiң бар?, – деп қатары күннен-күнге сиреп бара жатқан асыл қазыналар туралы ақиық ақын Мұқағали текке толғанбаса керектi.
Қарияны құрметтеу, үлкендi сыйлау – атадан балаға, ғасырдан-ғасырға мирас болып келе жатқан салтымыз. Өйткенi олар – жалындаған жастығын, мұқалмас ерiк-жiгерiн, маңдайдан сорғалаған ащы терiн елiмiздiң дамуына, болашақ ұрпақтың бақытты өмiрiне арнаған жандар. Олардың жүрiп өткен өмiр жолы келешек ұрпаққа үлгi-өнеге.
Ауданымызда да еселi еңбегiмен еленiп, құрметке бөленген, мақтан тұтып айтатын ақсақалдарымыз, қадiрмендi қарияларымыз көптеп саналады. Кешегi шөл даланы – гүл қалаға айналдырған да, осы азаматтар.
Құрыш қолды құрылысшылардың, еңбек адамдарының жанкештiлiгiнiң арқасында адам айтса нанғысыз әсем қала бой көтердi. Бұдан елу бес жыл бұрын, тыңнан түрен салуға келгенде: бiрi бозбала болса, ендi бiрi бұрымы арқасында бұраңдаған бойжеткен едi.
Бүгiнде олар бейнетiнiң зейнетiн көрiп, шаңырақты шаттыққа толтырып, балаларын бақыт бесiгiнде тербеткен қадiрлi жандар. Бабаларының еңбегiн балаларға насихаттау, өнеге ету – бiздiң бүгiнгi басты парызымыз,
Бүгiнгi таңда ауданда ҰОС 9 жесiрi, 43 тыл ардагерi, ғасырмен құрдас 2 қария, жалғызiлiктi 128 қарт бар.
Бөлiмде тiркеуде тұрған 128 жалғызiлiктi қартқа 1 бөлiмше басшысы, 1 бөлiмше кеңесшiсi, 20 әлеуметтiк қызметкер үйде әлеуметтiк көмек көрсету мақсатында қызмет етедi. Жалғызiлiктi қарттардың ауылдық округте 2-уi тұрса, қалада 126-сы тұрады. 21 қария мүмкiндiгi шектеулi жан. Жалғызiлiктi қарттардың iшiнде сексеннiң сеңгiрiне шыққаны-20 болса, 39-ы жетпiс атты желкеннен асқандар. 103 қария әйел кiсi, 25 ер-азамат. 28 қандасымыз болса, 86 орыс, 9 татар, 3 кәрiс, 1 қытай, 1 украин ұлтының өкiлi.
2020 жылдың 19 наурызындағы Аудан әкiмiнiң №101 қаулысымен 9 Мамыр Жеңiс күнiне орай, 43 тыл ардагерiне, 9 Ұлы Отан соғысы мүгедектерiнiң жесiрлерiне және 57 Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектерiне теңестiрiлгендерге ағымдағы жылдың сәуiр айында 30 мың теңгеден жалпы саны 119 азаматқа 3 570 000 теңге әлеуметтiк көмек ретiнде жеке есепшоттарына аударылды. Одан бөлек жергiлiктi бюджеттен 2 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде мерзiмдi басылымға жазылуға 655,6 мың теңге төлендi.
Ардагерлерiмiзге «Рахым айы – Рамазан» жобасы, «Бiз бiргемiз» және облыс әкiмiнiң «Қамқорлық» акциясы аясында Қ.Аманжолов және №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептерiнiң 2015 жылы бiтiрген түлектерiнiң демеушiлiгiмен азық-түлiк себеттерi таратылды.
Ұлы Жеңiстiң 75 жылдығына орай тыл ардагерлерi мен Ұлы Отан соғысы мүгедектерiнiң жесiрлерiне «1941-1945 жыл Ұлы Отан соғысының Жеңiсiне 75 жыл» мерекелiк медальдары табысталды.
Аудандағы аға буын өкiлдерiмен ардагерлерiмiздi әлеуметтiк сауықтыру мақсатында 2020 жылы облыстық басқармадан 240 жолдама бөлiнiп, бүгiнгi таңға дейiн кезекте тұрған зейнет жасындағы 30 азаматқа «Ардагер» үйiне, 30 азаматқа «Мейiр» сауықтыру орталығына жолдама берiлдi. Алдағы уақытта да қарияларға қамқорлық пен құрмет өз жалғасын таба бередi.
Өзендегi өлшеулi жай ағыстар,Қарияға қарасаң аяныш бар. Намыстанба жүре алмай қалса олар, Кезiң келер сенiң де таяқ ұстар, – деп ақындар жырлағандай бүгiн қазыналы қарттарға қандай көмек көрсетсек, ертеңгi күнi сол қамқорлықты келер ұрпақтан өзiмiз де күтерiмiз, көрерiмiз хақ.
Орынша Қалшабекова,
аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi басшысының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi.