
Кешегі аптаның барысында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Серманизов Бақытжан Қыпшақбайұлы Шардара ауданының тұрғындары алдында депутаттық қызметі барысында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Кездесуге Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және тұрғындар қатысты.
2025-2026 жылдары республикалық және облыстық бюджеттерден Шардара ауданына қаржы бөлінуіне ықпал етіліп, аудан әкімдігімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды.
Атап айтқанда:
– Тама-Тастанбек жерасты ауыз су көзі халық игілігіне берілді. Бірнеше жылдан бері Шардара тұрғындарының арман-тілегіне айналған бұл жоба қала халқын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы аса маңызды қадам болды.
– қаланың ауыз су тарату нысанына күрделі жөндеу жүргізілді;
– қаладағы кәріз жүйесін жөндеу және жаңғырту жұмыстары атқарылды;
– қала мен ауылдық округтердегі көшелер жөнделіп, жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді;
– Жаушықұм-Қалғансыр бағытындағы жолдың құрылысы жүзеге асырылды. Бұл – тұрғындар ұзақ уақыт күткен маңызды жобалардың бірі. Жолдың салынуы елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, халықтың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасады. Аталған жұмыстарға тұрғындар тарапынан да ризашылық білдірілді. Қазіргі таңда төрт ауылдық округтегі ауыз су жүйелерін жақсарту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Білім, мәдениет және спорт салаларына қажетті жобаларға қолдау көрсетіліп, ауыл шаруашылығы үшін маңызды ағын су тарату каналдарының жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл жобалардың барлығы – республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражатты елдің нақты қажеттілігіне бағыттап, аудан әкімдігімен бірлесе атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Жиын барысында тұрғындар да өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, ұсыныстары мен сауалдарын жеткізді. Атап айтқанда, Тама-Тастанбек жерасты ауыз суын ауылдық елді мекендерге тарту, жаңадан салынған тұрғын үйлердің сапасы, сондай-ақ аумақтық мәселелер көтерілді.
Сонымен қатар тұрғындар тарапынан Келес ауданына қарасты Қалғансыр және Ащыкөл ауылдық округтерін Шардара ауданына қосу жөнінде ұсыныс айтылды. Тұрғындардың пікірінше, аталған елді мекендердің Шардараға жақын орналасуы және Келес ауданының орталығынан шалғай болуы бұл мәселені қайта қарауға негіз болып отыр. Ұсыныс қолданыстағы заң талаптары мен белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті деңгейде қаралуы қажет.
Көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға депутат пен аудан әкімдігі тарапынан нақты әрі тұщымды жауаптар берілді. Әрбір ұсыныс бойынша тиісті түсініктемелер беріліп, шешімін қажет ететін мәселелердің алдағы уақытта да назарда болатыны айтылды.

Кездесуде еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері сөз алып, Бақытжан Серманизовтың Шардараның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жүрген үлесіне оң бағасын беріп, атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.
Өз кезегінде аудан әкімі Арман Қарсыбаев облыстық мәслихат депутатына ауданның өзекті мәселелерін шешуге атсалысып, республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы қарастырылуына ықпал етіп, маңызды жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Аудан басшысы Шардараның дамуы жолындағы жұмыстарды облыстық мәслихат депутаттарымен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Бірлескен жұмыс – нәтижелі жобалардың негізі. Ал оның ең басты көрсеткіші – елдің алғысы мен халықтың ризашылығы.
«Өскен өңір» – ақпарат.




