Өткен аптада аудандық мәдениет сарайында аудандық қоғамдық келiсiм кеңесiнiң кеңейтiлген отырысы өтiп, оған қала, ауыл округтердегi мешiттердiң имамдары, ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен медиаторлары қатысты.

Аудандық қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы Қыстау Iлесов Қазақстан Республикасының Президентi Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуiнiң негiзi“ атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының халық арасында насихатталып, кеңiнен қолдау тауып жатқандығы жөнiнде айта келiп, ондағы қамтылған бес бағытқа жеке-жеке тоқталып өттi. Жолдауда берiлген тапсырмалар бойынша ауданымызда да көптеген жұмыстардың атқарылып жатқандығын, алдағы жылдан бастап көптеген әлеуметтiк шаралар қолға алынатындығын атап өттi. Жиынға қатысушыларға “Қазақстанның тұрмыс сапасын жақсартудағы қоғамдық келiсiм кеңестерiнiң ролi“ республикалық форумының бағдарламасы мен онда қабылданған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келiсiм кеңестерiнiң республикалық форумына қатысушылардың үндеуiмен таныстырды. Жарыссөзге шыққан аудандық ардагерлер кеңесi төрағасының орынбасары Б.Рахматуллаев пен “аудандық жастар ресурстық орталығы“ комуналдық мемлекеттiк мекемесi жанындағы “әлеуметтiк-психологиялық сүйемелдеу қызметi“ секторының әлеуметтiк сала маманы Қ.Бекмұратов аудан ардагерлерi мен жастары Үкiмет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын толық қолдайтындықтарын, оны орындауға бiр кiсiдей атсалысатындықтарын бiлдiрдi.

Республика имамдарының III форумына қатысып қайтқан ауданның бас имамы А.Данияров ондағы алған әсерлерiмен бөлiсiп, форумда дiни рәсiмдер, имандылық, отаншылдық, бiлiмдiлiк, ауызбiршiлiк және мәдениеттiлiк жөнiнде айтылып, оны жүзеге асыруда имамдарға көптеген мiндеттер жүктелгендiгiн, осы бағыттар бойынша қабылданған құжаттар жайында түсiнiк бердi.

Аудандық аналар кеңесiнiң төрайымы Ұ.Зейнедiлова “Бақытты отбасы – сау ұрпақ кепiлi“ тақырыбында баяндама жасап, қазiргi таңдағы отбасы мәселесi, ажырасушылық, ерте жүктiлiк, келiн мен ене, әке мен бала арасындағы байланыстар жөнiнде кеңiнен тоқталып өттi.

Аудандық мәдениет сарайының әртiстерi келiн мен ене, аға мен iнi арасындағы оң байланыстарды дәрiптейтiн “Бақытты отбасы – денi сау ұрпақ кепiлi“ атты қойылым көрсеттi. Анасы рөлiн – Алатау батыр мәдениет үйiнiң меңгерушiсi Бағлан Айнабекова, келiн ролiн – аудандық мәдениет сарайының әртiсi Мәди Ақмарал, ал балалары рөлдерiн – аудандық мәдениет сарайының қызметкерi Қозыбай Бағдаулет пен С.Каттабеков атындағы жалпы орта мектебiнiң 11 сынып оқушысы Өменбай Нұрдаулет сомдады.

Соңы аудандық мәдениет сарайы әртiстерiнiң концертiне ұласты. 

Ж.СЕЙДУӘЛИЕВ.